Маңғыстау облысының креативті индустрия өкілдері ерекше көрме өткізді

  • AstanaTV
  • 02 қараша 2026

Тарихтан сырт шерткен, Ұлттық мұраны насихаттаған ерекше көрме демалыс күндері Елорда тұрғындары мен қонақтарын қуантты. Маңғыстау облысының әкімдігі өңірдің креативті индустрия өкілдерінің өнерлерін паш етіп, рухани азық сыйлады. 

Марат Амантаев экономист мамандығы бойынша білім алып, сол салада көп жылдар жұмыс істеп келген.  Бірақ, 3 жыл бұрын жан қалауымен ата кәсіп қолөнерге басын бұрып, бүгінде былғарыдан қамшы өріп, белдік жасайды. Болашақта, ауқымын кеңейтіп, балаларына мұра етіп қалдырмақ.

МАРАТ АМАНТАЕВ, ҚОЛӨНЕР ШЕБЕРІ:

Қазір қолөнерге деген Үкіметтің қолдауы жақсы. Сондықтан, бұл кәсіп алдағы уақытта дамиды. Болашағы зор десем де болады.

Креативті индустрия атадан қалған өнермен шектеліп қалмайды. Заманауи технологияның құлағында ойнайтын жандар да осы сала мүшелері. Олардың қатарында Есбол Азан да бар. Жуырда ашылған Жасанды Интеллектті зерттеу университетінің 1-і курс студенті ежелгі қазақ батырларын суреттейтін «Сардар» ойынын жасап шығарды. Келесі жылы әлемге әйгілі «Steam» платформасына шықса, желтоқсан айынан бастап демо-нұсқаны тегін ойнауға мүмкіндік бар.

ЕСБОЛ АЗАН, QAZAQ AI RESEARCH UNIVERSITY СТУДЕНТІ:

Қазақтың Ұлттық құндылықтары дәріптеліп, батыр болу жолындағы бейнесі көрсетіледі. Батыр болғаннан кейін жау шапқыншылығына және көптеген қазақтың салт-дәстүрін сақтай отыра ойын барысы дамиды.

Жалпы, Маңғыстау облысынан бұл көрмеге 40-қа жуық креатор, 1800 астам өнім алып келген.

НҰРТАС САЛИ, МАҢҒЫСТАУ ОБЛЫСЫ МӘДЕНИЕТ, ТІЛДЕРДІ ДАМЫТУ ЖӘНЕ АРХИВ ІСІ БАСҚАРМАСЫНЫҢ БАСШЫСЫ: 

Маңғыстау облысында қазір 200 астам креатор ресми сайтқа тіркелген. Бұл жердегі мақсат – Президенттің тапсырмасына сәйкес, креативті индустрияны дамыту жолындағы жасалған жұмыстың нәтижесі. Бүгінде облыста 2 креатив орталығы жұмыс жасап тұр. Осы жерде креаторлар өздерінің мүмкіндіктерін пайдаланып, толық ашып көрсетуге жағдай жасалған.

Көрме негізгі алты бағытқа бөлінген. Әрқайсының тақырыптық ерекшеліктері бар.