Оралдағы әскери бөлімде 300 орындық казарма салынып жатыр. 70 жыл бұрын бой көтерген ескі ғимаратты енді заман талабына сай барлық жағдай жасалған кешен алмастырады. Төрт қабатты жаңа казармада сарбаздардың толыққанды демалуына барлық жағдай жасалған. Жоба бойынша заманауи демалыс бөлмесі, сабақ өтетін кабинеттер, тұрмыстық және санитарлық тораптар қарастырылыпты. Қызметтен қажыған жауынгерлердің күш жинап, дене дайындығын шыңдауы үшін ауладан спорт алаңы да салынады.
МАРАТ НӘСІПҚАЛИЕВ, МЕРДІГЕР МЕКЕМЕ ӨКІЛІ:
Үш кезеңнен тұратын құрылыстың екі кезеңін аяқтадық. Ендігі қалғаны ішкі жұмыстар: су мен жарық жүргізілді, төбесін жауып, терезесін орнатқасын әрлеуге кірісеміз. Сарбаздар ішке кіргенде етігін тазартатын қондырғыға дейін орнатып береміз.
Ұлттық ұланның әскери инфрақұрылымы кезең-кезеңімен жаңартылып келеді. Алматы, Түркістан және Жезқазғанда әскери қалашықтар бой көтерсе, жаңа казармалар Орал, Қызылорда және Атырауда салынып жатыр. Мұның бәрі әскери қызметшілердің тұрмыс жағдайын жақсартуға бағытталған.
САЯТ КЕНЖЕҒҰЛОВ, "БАТЫС" ӨҢІРЛІК ҚОЛБАСШЫЛЫҒЫ 5517 ӘСКЕРИ БӨЛІМІ КОМАНДИРІНІҢ ОРЫНБАСАРЫ:
Бұрынғы казармаларымыз 1955 жылы салынғандықтан, едені ағаштан салынған. Бүгінде өзінің жеткілікті мерзімін атқарып тастаған. Бұйырса осы әскери бөлімді 2027 жылдың мамыр айында аяқтау көзделген. Бұл әскери қызметшілердің тұрмыстық жағдайын жақсартады.