Қазақстан халқына Жолдауында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев цифрлық экономиканы дамыту мен жасанды интеллектіні енгізу міндеттерін айқындады.Сонымен қатар жаңа технологияларды азаматтардың әл-ауқатын арттыруға бағыттау қажеттігін атап өтті
Президент интернет пен смартфонды жасампаздық пен табыс табудың құралына айналдыруға, ал цифрлық трансформацияны нақты нәтижелерге бағыттауға ерекше назар аударды. Осы басымдықтар аясында «Әділет» партиясы өзінің Adilet 365 цифрлық экожүйесін дамытып келеді, деп хабарлайды Astana TV.
Платформа мен мобильді қосымша партия жұмысының құралдары мен партия мүшелеріне арналған сервистерді бір жүйеге біріктіреді. Смартфон арқылы ұсыныс жолдауға, іс-шаралар туралы ақпарат алуға, цифрлық партия билетін пайдалануға, сондай-ақ партияішілік дауыс беруге қатысуға болады. Ал партияның орталық аппараты мен өңірлік филиалдарының қызметкерлері өтініштерді, тапсырмалар мен құжаттарды өңдеуге, сондай-ақ талдамалық мәліметтермен жұмыс істеуге арналған бірыңғай цифрлық орта құрылған.
«Адамдар күнделікті мәселелерін смартфон арқылы шешуге дағдыланды. Партиямен байланыс та барынша қолайлы болуы керек. Яғни, азаматтар идеяларын ұсынып, өтініш жолдап, іс-шараларға тіркеле алуы қажет. Adilet 365 экожүйесін дамыту арқылы біз партиямен байланысты қолжетімді етіп, келіп түскен өтініштермен жұмысты жүйелі әрі ашық ұйымдастыруды көздейміз», - деді партия Төрағасының орынбасары Қаныш Төлеушин.
Партия тіршілігіне смартфон арқылы қатысу
Adilet 365 мобильді қосымшасында қазақ және орыс тілдеріндегі жаңалықтар, іс-шаралар туралы ақпарат, партияға жолданған өтініштер мен ұсыныстар, партияішілік дауыс беру және сауалнамалар бар. QR-коды бар цифрлық партия билеті мүшелердің іс-шараларға тіркелуіне мүмкіндік береді. Ал электрондық білім базасы арқылы партия Жарғысымен, Бағдарламасымен және басқа да құжаттарымен танысуға болады.
Партия мүшелері үшін бұл – тұратын жеріне қарамастан, үнемі байланыста болуға, ұсыныстарын білдіруге және партия өміріне белсенді араласуға мүмкіндік беретін қолайлы құрал.
Әр өтініштің орындалуы бақылауда
Президент Жолдауында басқару тиімділігін арттыру, цифрландыру және бюрократиялық рәсімдерді қысқарту мәселелеріне басымдық берді. Бұл қағидаттарды партия жұмысын ұйымдастыру барысында да көруге болады.
Adilet 365 азаматтардың өтініштерін жүйелеуге мүмкіндік береді. Атап айтқанда, өтініштің тақырыбы мен өңірі тіркеліп, жауапты орындаушы белгіленеді және қаралу барысы бақыланады. Ал мәслихат депутаттарына сайлаушылардан келіп түсетін аманаттарды бақылау үшін арнайы бөлім қарастырылған.
Тапсырмалардың бірыңғай тізімінде жауапты тұлғалар, орындау мерзімдері мен жұмыс кезеңдері көрсетіледі. Қызметкерлер қай тапсырмалардың орындалып жатқанын, қайсысы пысықтауды қажет ететінін және қайсысы аяқталғанын көре алады. Ортақ күнтізбе, электрондық құжат айналымы және іс-шараларды ұйымдастыру құралдары орталық аппарат пен өңірлік филиалдардың жұмысын үйлестіруге көмектеседі.
«Жастар Рухы» жастар қанаты үшін волонтерлік тапсырмаларды орындауға, бастамаларды жинауға және қатысушылардың үлесін есепке алуға арналған цифрлық құралдар қарастырылған. Қолданушылар өздеріне қолайлы тапсырмалар мен кезекшілік уақытын таңдай алады, ал іс-шараларға қатысушы QR-код арқылы тіркеледі.
Салмақты шешімдерді қабылдауға арналған деректер
Цифрландыру мен жасанды интеллектіні дамыту бағыты сапалы деректердің маңызын арттырып отыр. Adilet Analytics талдамалық модулі өңірлердің ерекшеліктерін ескеруге, азаматтардың партия тіршілігіне араласу белсенділігін бағалауға және жүйеленген ақпарат негізінде жұмысты жоспарлауға мүмкіндік береді.
Adilet 365 цифрлық экожүйесін дамыту арқылы партия цифрлық трансформация басымдықтарын күнделікті жұмысына енгізіп келеді. Осыған орай «Әділет» партиясы партия мүшелеріне Adilet 365 мобильді қосымшасын пайдалануды ұсынады.
Қосымшаға eGov Mobile арқылы кіруге болады. Осыдан кейін пайдаланушылар электрондық партия билетін қолданып, іс-шараларды таңдап, ұсыныстар жолдай алады және партия жұмысына белсене қатысуға болады.
Adilet 365 мобильді қосымшасын жүктеуге арналған сілтемелерді партияның ресми сайтынан таба аласыздар.