Жамбылда жер сатып алып, баспана салған бұқараның басы дауға қалды

  • AstanaTV
  • 03 қараша 2026

Жамбылда жер сатып алып, баспана салған бұқараның басы дауға қалды. 8 сотық жерге тұрғызған үйлеріне тұрғындар енді кіре алмай жүр. Қолдарында мемлекеттік мекемелер берген ресми құжаттар  болса да жер мен үй түгел бұғатқа қойылған. Бұл жерге үй салуға  билік  рұқсат берген, алайда облыстық жер ресурстарын басқару департаменті жерге  заңсыз шешім шығарды деп әкімдікті сотқа беріпті.  Екі оттың арасында қалған тұрғындар енді соның зардабын тартып отыр  

Жұрт өз қаражатына жер алады, тұрғын үй салу  үшін тиісті рұқсат қағаздарын да алып, баспана көтерген.  Екі жыл өткен соң заңды құжаттары болса да жылжымайтын мүлігінің бұғатталғанын естіген  тұрғындар аң таң. Бар тапқан-таянғанымен үйін салып біткенде, енді далада, дымсыз  қаламыз ба деп алаңдайды.

ЖӘНІБЕК ҰЗАҚБАЕВ, САРЫКЕМЕР АУЫЛЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:

 Менің қолымда ресми мемлекеттік құжаттардың барлығы бар. Мемлекеттік органдардың берген. Госакт, купли продаж, әкімнің шешімі, үйдің қабылдау актісі, жет қатынастардың рұқсаты, архитектураның рұқсаты барлығы бар.

ӘЛИЯ БАЙМҰҚАНБЕТОВА, САРЫКЕМЕР АУЫЛЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:

Тырнақтап жинап салып, кредит алып отыр бәрі. Сол үйді алып қоямыз деп жатыр. Біз алған кезде не үшін сол жерді сатты дұрыс емес болса.

Қала іргесіндегі ауданда кезекпен тегін жер алу қиынның қиыны  дейді жұрт. Кезек жылдар бойы жылжымайын көрінеді. Әкімдікке барсаң жер жоқ деп арқаңнан қағып шығарып салатынын айтады. Ал ақшасына келгенде сатылып жатқан жер көп дейді. Айта кетейік, ауданда тұрғын үй құрылысы үшін жер кезегінде 25248 адам тұр.

НҰРАЛЫ ЖАННҰРИМОВ, САРЫКЕМЕР АУЫЛЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:

Бұл жерде сатып алмасаң алмайсың участок. Үйткені мен 2009 дан бері жер кезегінде тұрмын. Каз еговтан көріп отырмын 3300 ба сол шамада жылда көреміз жылда сол жылжымайды. Жан-жақтан сатылып жатыр жер деген көп аламын деген адамға.

Жұрттың алған жеріне байланысты тексеріс жүргізген департамент мамандары бірқатар заңбұзушылықты анықтаған.  Айтуларынша, әкімдік ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлердің нысаналы мақсатын өзгертіп, жер заңнамасының нормаларын бұзған. Тіпті әкімнің шешімі де дұрыс болмай шығыпты.  Ал жалпы Байзақта дәл осындай заңбұзушылықпен 30 гектардан аса жер заңсыз саудаға түскені анықталған.

АРСЕН БАҚБЕРГЕН, ОБЛЫСТЫҚ ЖЕР РЕСУРСТАРЫН БАСҚАРУ ДЕПАРТАМЕНТІНІҢ БАСШЫСЫ:

Бұл жерлердің бастапқы мақсаттарының барлығы ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлер болған. Ауылдық округ әкімі жаңағы тиісті өтініш негізінде нысаланы мақсатын өзгерткен. Бұл жерде шешім заңсыз болғандықтан, шешімді сотқа беріп отырмыз.

Атқарушы билік бұл аумаққа инфрақұрылым жүргізіп, электр бағаналары қойылып, газ құбыры тартылған. Бұған жұрт аң-таң.  Бұл жер дауына қатысты сот процесі басталды.