Өз құқығын қорғау, мекемелермен арадағы дауды шешу немесе әділдікке қол жеткізу. Қазақстандықтар мұндай мәселелермен жиі кездеседі. Енді осындай мәселелерді шешуге «Әділетті Орта» жобасы көмектеспек. Оны «Әділет» партиясы «Заң мен тәртіп» қағидаты аясында іске қосты. Президент те Қазақстан халқына Жолдауында заңды құрметтеу мен азаматтардың жауапкершілігі қоғам үшін маңызды екенін атап өткен болатын. Жаңа жоба аясында тұрғындар мен кәсіпкерлердің шағымдары қаралып, оларға құқықтық көмек көрсетіледі. Сондай-ақ заңдардағы кемшіліктер анықталып, оларды түзету жолдары ұсынылады. Осыған байланысты Құрылтай депутаттары, мемлекеттік органдардың өкілдері, заңгерлер мен сарапшылар алғашқы жиынға қатысты. Мамандар өңірлердегі мәселелерге де назар аудармақ. Олардың мақсаты тек шағымдарды қарау емес, сол мәселелердің неге қайта-қайта туындайтынын анықтау. Ол үшін eOtinish жүйесіне түскен өтініштер мен әлеуметтік желілердегі пікірлерді зерттеу ұсынылды.
АБЗАЛ ҚҰСПАН, «ӘДІЛЕТТІ ОРТА» ОРТАЛЫҒЫНЫҢ ЖЕТЕКШІСІ:
Әділетті орта үйлестіру талдау орталығы бүгін алғашқы жиынын өткізді. Бұл жиынның негізгі мақсаты осы біздің орталықтың жұмыс барысын таныстыру. Депутаттармен тығыз қарым-қатынаста жұмыс жасаймыз. Оларға өз қызметі барысында халыққа сапалы қызмет көрсету үшін методологиялық тұрғыдан, құқықтық тұрғыдан біз көмегімізді көрсететін боламыз.