Қазақстандықтардың жарық, су және жылу ақысының бір бөлігін мемлекет төлеуі мүмкін

  • AstanaTV
  • 03 қараша 2026

Қазақстандықтардың жарық, су және жылу ақысын төлеуге мемлекет көмектеседі. Коммуналдық төлем отбасы табысының 5-10%-ынан асып кетсе, мемлекет оның бір бөлігін өтеп бермек. Қазір мұндай көмекті шамамен 8 мың адам алып отыр. Көмекті кімдер және қалай ала алады? Әріптесім Әйгерім Есенкелді айтады. 

Елімізде коммуналдық төлемді өтеуде халыққа салмақ түспеу үшін тұрғын үй көмегі беріледі. Биыл осы мақсатқа жергілікті бюджеттен 400 млн теңге бөлінген. Отбасы табысының коммуналдық төлемге жұмсалатын мөлшерін 5-тен 10 пайызға дейінгі аралықта әр өңірдің өз маслихаты белгілейді.  Мәселен бір отбасының айлық табысы 300 мың теңге, жарық, жылуының ақшасы 30 мыңға шықты. Өңірдегі шекті 8 пайызбен 24 мың төлеп, үстіндегі 6 мың теңгені мемлекет ескереді. 

ШАҺРИЗАДА МӘДІХАН, ЗАҢГЕР:

Кез келген адамға бере беретін көмек деп айтуға болмайды. Яғни, нақты табысы аз адамдар. +Көмек көрсетілу әрекеті ең алдымен айлық жалақыңыздың, табысыңыздың көрсеткішімен, сондай-ақ арнайы ай сайын келіп отырған түбіртектердің көрсеткішімен аяқталады.

Бұдан бөлек, мемлекет коммуналдық шығынды азайтудың тағы бір жолын қолданады. Ол - тұтынушыға арзан шығу үшін, су кәсіпорнын субсидиялау. Осы үшін деп биыл 28 млрд теңгені түйіп қойыпты. Бұл қаражат тұрғындардың қолына берілмейді. 

БАҚЫТЖАН ЖҮНІСБЕКОВ, ҚР ӨНЕРКƏСІП ЖƏНЕ ҚҰРЫЛЫС МИНИСТРЛІГІ КОМИТЕТІНІҢ ТӨРАҒАСЫ: 

Мысалы, судың бір текше метріне бекітілген тариф 500 теңге, ал халық үшін төлем мөлшері 120 теңге болса, арадағы 380 теңге айырмашылықты мемлекет субсидиялайды. Жалпы, мемлекет сумен жабдықтау және су бұру қызметтерін көрсететін кәсіпорындардың тұрақты жұмыс істеуі үшін барлық қажетті шараларды қабылдап жатыр.

Көмекке өтінішті егов порталы немесе Халыққа қызмет көрсету орталығына барып тапсыруға болады. Өтінішті қабылдамауы мүмкін, егер табысты жасыру әрекеттері болса. Заңгер мұндай көмек түрлерін әлі де көпшілік біле бермейтінін, сондай-ақ елімізде қарыздан шығуға және төлем қабілетін қалпына келтіруге мүмкіндіктер көп екенін жеткізді.