Таразда 17 млн теңгенің алтын бұйымдарын ұрлаған күдіктілер ұсталды

Фото: Polisia.kz

Қолды болған заттардың арасында қырғыз сомы, еуро, қытай юані болған

Полицияның “102” нөміріне Тараз қаласының тұрғыны қоңырау шалып, пәтерінен 30-дан астам алтын бұйымын, гаухар тастарын және 830 мың теңге көлемінде ақшалай қаражатын ұрлап кеткені туралы хабарлаған. Күдіктілер пәтерге үйде ешкім жоқ кезде келіп, есіктің құлпын бұзу арқылы кірген. Қолды болған ақшаның арасында қырғыз сомы, еуро, қытай юані болған, деп хабарлайды Astana TV.

Жалпы келтірілген шығын көлемі 17 миллион теңгеден асқан.

Жедел-іздестіру іс-шараларының нәтижесінде полиция қызметкерлері екі ер адамды анықтады. Ұсталғанның бірі Түркістан облысының тұрғыны.

Тінту кезінде күдіктілердің әрқайсысынан айғақ заттар табылған. Олар кейбір бұйымдарды сатып үлгерген.

Қазіргі уақытта аса ірі мөлшерде жасалған ұрлық фактісі бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде.