Тасжолда апатқа ұшыраған полицей комаға түсіп қалды

Фото: скриншот

Астана – Петропавл тасжолындағы жол апатынан полицей ауыр жарақат алды

3 қарашада Астана – Петропавл тасжолында қызметтік міндетін атқарып тұрған полиция көлігі апатқа ұшырады, деп хабарлайды Astana TV.

Алдын ала мәлімет бойынша, JAC T9 көлігінің жүргізушісі жылдамдықты асырып, алда келе жатқан көлікке дейінгі арақашықтықты сақтамаған. Салдарынан патрульдік көлікке соғылған. Сол кезде полицейлер жол қауіпсіздігін қадағалап, арнайы жол техникасының жүруіне көмектесіп жүрген.

Апаттан 35 жастағы полиция қызметкері басынан ауыр жарақат алды. Оны Шортанды аудандық ауруханасына жеткізген. Қазір полицей комада жатыр. Оған көмек көрсету үшін санитариялық авиация мамандары да шақырылған. Дәрігерлер науқастың жағдайын талқылап, емдеу жолын қарастырып жатыр.

Аурухана өкілдерінің хабарлауынша, зардап шеккен полицейді әрі қарай тексеріп, емдеу үшін елордадағы ауруханалардың біріне санитариялық авиациямен жеткізу жоспарланып отыр.

Қазір жол апатына қатысты тергеу жүріп жатыр. Мамандар оқиғаның қалай болғанын және оған не себеп болғанын анықтап жатыр.