Бота Елеусізова: Қазақстан жерасты суларының небәрі 3,5 пайызын пайдаланып отыр

фото скрин

«Әділет» партиясы фракциясының мүшесі Бота Елеусізованың Премьер-министрдің орынбасары Қанат Бозымбаевқа жерасты су ресурстарын тиімді пайдалану және қорғау мәселелері туралы депутаттық сауал жолдады, деп хабарлайды Astana TV. 

Қазақстан үшін су мәселесі – болашақтың ғана емес, бүгінгі күннің де стратегиялық міндеті. Осыған орай Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев биылғы Жолдауында су ресурстарын толық әрі нақты есепке алуда цифрлық технологияларды кеңінен қолданудың маңызын атап өтті. Әрі Үкіметке су ресурстарының ұлттық ақпараттық жүйесін құруды созбалаңға салмай, қысқа мерзімде аяқтауды тапсырғанын тілге тиек етті.

«Әділет» партиясының сайлауалды тұғырнамасында көзделген су ресурстарын тиімді пайдалану міндетімен үндеседі.

Алайда еліміздің жерасты су әлеуеті әлі де толық пайдаланылмай келеді.

Қолда бар мәліметтерге сәйкес, Қазақстандағы бекітілген жерасты су қорлары тәулігіне 43,2 миллион текше метрді құраса, нақты пайдаланылатын көлемі шамамен 1,5 миллион текше метр ғана. Бұл бекітілген қорлардың небәрі 3,5 пайызы.

Әсіресе су тапшылығы байқалатын өңірлерде жерасты суларын ауыл шаруашылығы мен елді мекендердің қажеттіліктеріне тиімді пайдалану мәселесі өзекті.

Сонымен қатар, 2026 жылғы мәлімет бойынша, елімізде иесіз, авариялық және өздігінен төгілетін 2256 гидрогеологиялық ұңғыма бар. 

Олардың уақытылы жойылмауы немесе тиісті тәртіппен консервацияланбауы су ысырабына алып келеді және қоршаған ортаға зиян келтіруі мүмкін.

Бұдан бөлек, жерасты суларының мониторингін жетілдіру, гидрогеологиялық деректерді бірыңғай цифрлық жүйеге біріктіру және нақты су алу көлемін бақылау мәселелері де жүйелі шешімді талап етеді.

Біздің ұстанымымыз – жерасты су қорларын тек анықтап қана қоймай, оларды ғылыми негізде, экологиялық қауіпсіздік талаптарын сақтай отырып, халық пен экономиканың игілігіне жарату. Ауыл шаруашылығында жерасты суларын пайдаланған кезде олардың табиғи толықтырылу мүмкіндігі, су сапасы, минералдану деңгейі және нақты су алу көлемі міндетті түрде ескерілуі тиіс, – деді депутат.

Осыған байланысты депутат Қазақстан Республикасының Үкіметінен:

1. Жерасты су қорларын өңірлер бөлінісінде түгендеп, олардың нақты пайдаланылуына және игеру мүмкіндігіне кешенді талдау жүргізуді; 

2. Иесіз және авариялық ұңғымаларды жою мен консервациялау жұмыстарын жеделдетіп, олардың бірыңғай цифрлық тізілімін қалыптастыруды; 

3. Жерасты сулары мониторингін жаңғыртып, геологиялық және гидрогеологиялық деректерді бірыңғай цифрлық жүйеге біріктіруді; 

4. Ауыл шаруашылығында жерасты суларын пайдалану лимиттерін ғылыми негізде белгілеп, нақты су алу көлемін цифрлық есепке алу мен оған бақылау енгізуді; 

5. Жерасты су қорларын барлау және бағалау жұмыстарына бөлінетін бюджет қаражатының тиімділігіне талдау жүргізуді сұраймыз. 

Жерасты сулары – еліміздің су қауіпсіздігін қамтамасыз ететін стратегиялық ресурс. Оларды тиімді басқару ауыл шаруашылығының тұрақтылығын арттырып, халықты ауызсумен қамтамасыз етуге және өңірлердің дамуына мүмкіндік береді.

Осы депутаттық сауалда көтерілген мәселелер бойынша қабылданатын шаралар, оларды іске асыру мерзімдері және күтілетін нақты нәтижелер туралы заңнамада белгіленген мерзімде жазбаша жауап беруіңізді сұраймыз, – деді ол.