Гүлзира Атабаева: Бір техникалық ақау мыңдаған адамды табыссыз қалдыруы мүмкін

фото скрин

«Әділет» партиясы фракциясының мүшесі Гүлзира Атабаеваның Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Асқарбек Ертаевқа платформалар арқылы халықты жұмыспен қамту жөнінде депутаттық сауал жолдады, деп хабарлайды Astana TV. 

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Қазақстанның жаңа тарихи кезеңдегі өзекті міндеттері» атты Қазақстан халқына Жолдауында Үкіметке жыл соңына дейін цифрлық жұмыспен қамтудың оңайлатылған құқықтық режимін қалыптастыру міндетін қойды.

Ол үшін кәсіпкерлікті мемлекеттік қолдау шараларын жекеменшік маркетплейстердің, банктердің, логистикалық компаниялар мен цифрлық сервистердің мүмкіндіктерімен ұштастыру қажет.

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің мәліметінше, 2026 жылғы қыркүйектегі жағдай бойынша Қазақстанда 35 интернет-платформа операторы арқылы қызмет көрсететін 956 мыңға жуық орындаушы болған. Алдағы уақытта платформалық экономикаға тартылған адамдардың саны геометриялық прогрессиямен өседі.

Платформалық жұмыспен қамтылған азаматтардың құқықтарын қорғау «Әділет» партиясының алдағы жылдарға арналған сайлауалды бағдарламасында да тікелей бекітілген. Партия жұмыспен қамтудың икемді нысанын сақтай отырып, платформа қызметкерлерінің базалық әлеуметтік кепілдіктерін қамтамасыз ету, әлеуметтік төлемдерді жүзеге асырудың және платформа мен орындаушы арасындағы жауапкершілікті бөлудің ашық тәртібін белгілеу міндеттемесін алды.

Алайда платформалық жұмыспен қамту қолданыстағы модельдің елеулі осал тұстары бар екенін көрсетіп отыр.

Мәселен, Yandex Go сервисіндегі техникалық ақау салдарынан такси жүргізушілері мен курьерлер тапсырыс қабылдап, табыс табу мүмкіндігінен уақытша айырылды. Сондай-ақ олардың тапқан ақшасын шығарып алу кезінде қиындықтарға тап болғаны туралы хабарламалар түсті.

Бұл жағдай бір ғана жеке цифрлық платформаның техникалық ақауы жүздеген мың азаматтың жұмыспен қамтылуы мен табысына тікелей әсер етіп, олардың бір мезетте жұмыс істеу мүмкіндігінен айырылуын көрсетті, – деді депутат.

Осыған байланысты депутат Қазақстан Республикасының Үкіметінен мынадай ұсыныстарға қатысты ұстанымын білдіруді сұрады:

1. Платформалық жұмыспен қамтудың Қазақстанның еңбек нарығына төндіретін тәуекелдеріне кешенді бағалау жүргізу.

2. Цифрлық платформалардағы жаппай техникалық ақауларға назар аудару жөніндегі ведомствоаралық жоспар әзірлеу. Мемлекеттік органдар мен операторлардың өзара іс-қимылының, азаматтарды шұғыл хабардар етудің, тапсырыстарға қолжетімділікті қалпына келтірудің нақты алгоритмін, берешекті жедел өтеуді және зардап шеккен орындаушыларға арналған ерікті өтемақы бағдарламаларын көздеу.

3. Цифрлық платформа операторларымен бірлесіп, ұзаққа созылған ақаулар кезінде орындаушыларды қорғаудың практикалық тетіктерін пысықтау.