Қарсы бағыттағы жолаққа шыққан: 15 жүргізуші жауапқа тартылды

Polisia.kz

Түркістан облысында жол қозғалысы ережелерін бұзған 15 жүргізуші жауапқа тартылды

Түркістан облысының полицейлері жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз ету және жол-көлік оқиғаларының алдын алу бағытындағы жұмыстарды күшейтті, деп хабарлайды Astana TV.

Мәселен Арыс қаласында ұшқышсыз ұшу аппаратының көмегімен жүргізілген екі тәуліктік рейд нәтижесінде жол қозғалысы ережелерін бұзудың 15 дерегі анықталды. Әрбір құқық бұзушылық бойынша полиция қызметкерлері тиісті шаралар қабылдады. Тексеру барысында қауіпсіздік белдігін тақпау немесе қорғаныш шлемін кимеу бойынша 8 дерек тіркелді. Сонымен қатар жаяу жүргіншілерге қатысты жол жүрісі қағидаларын бұзудың 3, жол белгілері мен жол таңбалары талаптарын сақтамаудың 2 дерегі анықталды.  Бұдан бөлек қарсы бағыттағы жолаққа шығу және басып озу талаптарын бұзу, сондай-ақ көлік басқару кезінде телефон пайдалану фактілері тіркелді. Түркістан облысының полицейлері жол қозғалысына қатысушылардың жауапкершілігін арттыруға, қауіпті әрекеттердің алдын алуға және азаматтардың өмірі мен денсаулығын қорғауға бағытталған жұмыстарды жалғастырады.