Тексеру нәтижесінде 13 телефон, SIM-карталар, құлаққаптар және USB кабельдері табылды
СҚО бойынша ҚАЖ департаментінің № 51 мекемесінде тыйым салынған заттарды мекеме аумағына жеткізу әрекетінің жолы кесілді, деп хабарлайды Astana TV.
Мекеменің асханасына азық-түлік жеткізген ВАЗ маркалы автокөлікті тексеру барысында мекеме қызметкерлері ұлттық ұланның әскери қызметшілерімен бірлесіп, полиэтиленнен жасалған жеті ораманы анықтады. Олардың ішіне тыйым салынған заттар жасырын түрде орналастырылғанболған. Тексеру нәтижесінде 13 телефон, SIM-карталар, құлаққаптар және USB кабельдері табылды.
Қазіргі уақытта тыйым салынған заттарды жеткізуге әрекет жасаған тұлғаларды заңда белгіленген жауапкершілікке тарту мәселесін шешу үшін қажетті материалдар жинақталуда.
Еске саламыз, Қазақстан Республикасының әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 481-бабына сәйкес, қылмыстық-атқару жүйесі мекемелерінде және арнаулы мекемелерде ұсталатын адамдарға тыйым салынған заттарды, бұйымдар мен нәрселерді беру әкімшілік жауапкершілікке әкеп соғады.