Шымкент қаласының қақ ортасында көлікке шабуыл жасап, бір адамды өлтірген алты айыпталушыға бүгін сот үкімі шықты. Олар «Адам өлтіру», «кісі өлтіруге оқталу», «бұзақылық» және «алдын ала сөз байласу арқылы адам ұрлау» баптары бойынша кінәлі деп танылған. Сот алты айыпталушыға 20 жылдан 23 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады. Бұдан бөлек, шабуыл кезінде ауыр жарақат алған жәбірленушіге 10 миллион теңге моральдық өтемақы төлеуге міндеттелді. Айта кетейік, бұл іске қатысы бар тағы бір күдікті әлі іздестіріліп жатыр. Қылмыстық істі қараған судья Әбинұр Қарабаев бұл істе жазаның жұмсақ түрін тағайындауға негіз жоқ деді.
ӘБИНҰР ҚАРАБАЕВ, СУДЬЯ:
Арысбаевқа қылмыстардың жиынтығымен түпкілікті 23 жыл, Іңкәрбеков пен Қызбалаевқа түпкілікті 22 жылдан, Ерімбетовке 21 жыл, Жұманазарға 20 жыл, Қуандықовқа 20 жыл 6 ай мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды. Бұл қылмыс күндіз қаланың ортасында, адамдардың көзінше, қоғамдық тәртіпті қоғамды құрметтемеу анық көрінетін азаматтарға күш қолданумен, барынша арсыздықпен жасалып, жәбірленуші Колесниковты ұрлап, аса қатігездікпен қазаға ұшыратқан.