Ақтөбеде тоғыз қабатты үйде екі жылдан бері лифт істемейді

  • AstanaTV
  • 04 қараша 2026

Ақтөбеде тоғыз қабатты үйде екі жылдан бері лифт істемейді. Ескірген жеделсаты әбден тозып, ақыры сынып қалған. Тұрғындар жауапты мекемелердің табалдарығын тоздырғанымен нәтиже жоқ. Жұрт қашанға дейін тоғыз қабатқа жаяу көтеріледі? Өңірдегі әріптесім тарқатады.

Жарты ғасырға жуық тарихы бар тоғыз қабатты үйде 36 пәтер орналасқан. Ескірген лифт соңғы жылдары жиі істен шығып, тұрғындарды талай әбігерге салды. Тіпті жеделсаты ішінде қамалып қалып, 112 қызметін шақырған кездері де болыпты. Ақыры лифт мүлдем тоқтаған. Содан бері тұрғындар баспалдақпен көтеріліп жүр. Ал билікке жазылған арыз-шағым әзірге нәтиже бермеген.

ӘМИНА ШҮРЕНОВА, ҚАЛА ТҰРҒЫНЫ:

1,5 жарым жыл болды, лифт жұмыс істемейді. Қанша жерге бардық, бүкіл әкиматқа да, прокуратураға да, бәріне де заявление жаздық. Ешқандай ответ берілген жоқ. Ответ берді Бектенов деген-қалалық әкім, әкімге барып жолықтық. Ол кісі тек қана құр әшейін біңзді шығарып салды.

САБИРА СҚАҚОВА, ҚАЛА ТҰРҒЫНЫ:

Көп балалы аналар бар, садикке апарады, сабаққа апарады, қайтадан көтеріледі, түседі, балаларға да қиын. Мына үлкен кісілер мында қанша инвалид кісілер бар, солардың бәріне қиын болып жатыр.

Әсіресе көпбалалы отбасылар, қарттар мен мүмкіндігі шектеулі жандар үшін мұң. Баласын балабақшаға апарып, мектепке таситын аналар күніне бірнеше мәрте жоғары-төмен жүруге мәжбүр. Ал жүріп-тұруы қиын тұрғындар үшін тоғыз қабат алынбас қамалға айналған.

ӘСИМА ОМАРОВА, ҚАЛАЛЫҚ ТҰРҒЫН ҮЙ ИНСПЕКЦИЯСЫНЫҢ СЕКТОР МЕҢГЕРУШІСІ:

Ломоносова-8 бойынша, қазіргі уақытта біз бюджеттік заявка беріп қойдық. Облыстық бюджетке.Алдағы уақытта күтудеміз. Мына бөлінген қаржылардың арасында ол адрес бойынша қаржы бөлінген жоқ.

Қала бойынша ауыстыруды қажет ететін 108 лифт бар. Әр жеделсатының құны шамамен 16 млн теңге. Тозығы жеткен лифтілерді жөндеу кезек бойынша, бюджеттен қаржы бөлінгенде ғана іске асырылады. Ал қаражаттың қашан бөлінетіні белгісіз. Тұрғындардың күтуден басқа амалы жоқ.