Мемлекет басшысы ұсынған «Халықтық құрылыс» жобасы басталып кетті. Бұл туралы Премьер-министрдің бірінші орынбасары Нұрлыбек Нәлібаев Үкімет отырысынан кейінгі брифингте мәлімдеді. Бірінші кезекте 1,5 трлн теңгені құрайтын 262 жоба мақұлданды. Қомақты қаражатқа әлеуметтік инфрақұрылым салу жоспарланып отыр. Атап айтқанда, денсаулық сақтау саласында жалпы құны 344 млрд теңгенің 41 жобасы, мәдениет пен спортта 344 млрд теңгенің 23 нысаны салынады. Ал білім беру бағытында 101 млрд теңгеге 28 құрылыс түседі. Көлік инфрақұрылымын дамытуға 369 млрд теңге бөлініп, 48 жоба жүзеге асырылады. Қалған қаржыға су мен газ, жылу жабдықтары салынады.
НҰРЛЫБЕК НӘЛІБАЕВ, ҚР ПРЕМЬЕР-МИНИСТРІНІҢ БІРІНШІ ОРЫНБАСАРЫ:
Құрылысы жүріп жатқан нысандардың сапасы мен қауіпсіздігін қамтамасыз етуге ерекше назар аударылады. Қаражаттың жұмсалуына қоғамдық бақылауды қамтамасыз ету мақсатында «Халықтық құрылыс» жөніндегі мемлекеттік комиссия құрылады. Оның құрамына бірқатар салалық ведомство басшылары, Құрылтай мен мәслихаттар депутаттары, Халық кеңесінің мүшелері, қоғам қайраткерлері, белсенділер, волонтерлер және журналистер кіреді.
Басты мақсат – сапалы құрылыс салу. Қазіргі таңда қажетті материалдардың 73 проценті – отандық өнім. Салалық министрлік келер жылы бұл көрсеткішті 80 процентке жеткізуді көздеп отыр. Ол үшін сұранысқа ие өнімдер шығаратын жаңа зауыттар ашылған.
ЕРСАЙЫН НАҒАСПАЕВ, ҚР ӨНЕРКӘСІП ЖӘНЕ ҚҰРЫЛЫС МИНИСТРІ:
Цементпен, бетонмен, темірбетонмен, металлоконструкциялармен және гипсокартонмен біз ішкі нарықты толық қамтамасыз етіп отырмыз. Иә, біз білеміз әлі өткір мәселелер бар. Импорт 27 процент. Жыл соңына дейін 45 жаңа жоба Қазақстанда іске қосылады. Мысалы, испандық Roca компаниясы Қызылорда облысында санитарлық керамика өндіретін зауыт салуда. Бұл – Қазақстандағы алғашқы осындай зауыт. Қарағандыда клинкер плиткасын өндіретін – QAZCLINKER, жылу материалдарын шығаратын ТехноНИКОЛЬ жобасы жүзеге асырылуда.