Отандық банктердегі бос қаржы ел экономикасының дамуына бағытталуы тиіс. Әсіресе өндіріс орындарын ашып, кәсіпорындардың жұмысын кеңейту үшін ұзақ мерзімді несиеге сұраныс жоғары. Алайда бизнес өкілдері қаржы алуда әлі күнге дейін бірқатар кедергіге тап болып отыр. Бұл мәселені «Әділет» партиясы жанындағы Іскерлік кеңес мүшелері талқылап, кәсіпкерлікті қолдаудың жаңа тетіктерін ұсынды.
Елдегі банк жүйесінде қаржы жеткілікті, алайда оны нақты секторға бағыттау жағы әлі де ақсап тұр. «Әділет» партиясының Іскерлік кеңесіне қатысқан сарапшылар қаражатты зауыттар салуға, өндірісті жаңғыртуға және жаңа жұмыс орындарын ашуға жұмсау қажет екенін айтты. Қазірдің өзінде «Бәйтерек» холдингі жалпы құны 18,5 триллион теңгеден асатын 25 ірі жобаны пысықтап жатыр. Олардың қатарында жел электр станциялары мен Көкшетаудағы көпбейінді аурухана құрылысы бар. Бұл жобаларды қаржыландыруға коммерциялық банктер мен халықаралық қаржы институттары да қатысады.
АННА ЛУКИНА, «БӘЙТЕРЕК» ҰЛТТЫҚ ИНВЕСТИЦИЯЛЫҚ ХОЛДИНГІ» АҚ БАСҚАРУШЫ ДИРЕКТОРЫ:
Біз екінші деңгейлі банктермен бірлесіп, ірі өндірістік және инфрақұрылымдық жобаларды қаржыландырып келеміз. Холдингтің басты мақсаты - жыл сайын жалпы құны 8 триллион теңгеге дейінгі жобаларды қаржыландыру. Бұл ретте біз тек бюджет қаражатына сүйенбейміз. Жеке капиталды, инвесторларды және халықаралық даму институттарының қаражатын тартуға басымдық береміз
Кәсіпкерлерге қаржы жағынан қолдау көрсетіп отырған бағдарламалардың бірі - «Өрлеу». Оны «Даму» қоры жүзеге асырады. Бағдарлама аясында бизнес өкілдері 10 жылға дейінгі мерзімге жылдық 12,6 пайызбен 7 миллиард теңгеге дейін несие ала алады. Қаржының 60 пайызы серіктес банктер арқылы беріледі. Ал орта бизнесті несиелендіруді кеңейту үшін қор келесі жылы бағдарламаға қосымша 171 миллиард теңге бөлуді ұсынып отыр.
ФАРХАТ СӘРСЕКЕЕВ, «ДАМУ» КӘСІПКЕРЛІКТІ ДАМЫТУ ҚОРЫНЫҢ БАСҚАРМА ТӨРАҒАСЫ:
Басымдық беретін салаларымыз бар. Біріншіден, бұл - өндіріс саласы, импорт алмастыру. Екінші бағыт, бұл - тасымалдау және логистика саласы. Үшінгі сала, бұл - туризм саласы. Өзіміздің әдемі жерлдеріміз бар, географимыз бар, сондықтан туризмді дамыту керек. Айти жобаларын да қолдап, қосып отырмыз. Әртүрлі жақсы жобалар бар бізде.
Ірі жобаларды қаржыландырудың тағы бір тиімді тетігі – синдикатталған несие. Оның көмегімен мемлекет, коммерциялық банктер мен жеке инвесторлар қаржысын біріктіріп, ауқымды жобаларды бірлесе жүзеге асыра алады. Жиында кәсіпорындардың несие қабілетін жасанды интеллект көмегімен бағалап, қаржыландыру рәсімдерін жеңілдету мәселесі де көтерілді. Бұдан бөлек, лизинг тетігін дамыту арқылы өндіріс орындарының техникасы мен жабдықтарын жаңартуға мүмкіндік бар. Ал қор нарығы бизнеске ұзақ мерзімді капитал тартудың балама көзі ретінде қарастырылып отыр.
ЕЛЕНА БАХМУТОВА, «ӘДІЛЕТ» ПАРТИЯСЫ САЛАЛЫҚ КЕҢЕСІНІҢ ТӨРАҒАСЫ:
Қор нарығы ұзақ мерзімді капитал тартуға көмектеседі. Орта бизнес компаниялары облигация сияқты бағалы қағаздар шығару арқылы қажетті қаражатқа қол жеткізе алады. Ол үшін олардың қор нарығына шығуына кедергі келтіретін талаптарды жеңілдету қажет. Сонымен қатар осы бағалы қағаздарды сатып алатын инвесторлар санын көбейтіп, нарықты дамыту маңызды.
Жиын барысында айтылған ұсыныстар енді мемлекеттік органдармен бірлесіп пысықталады. Қатысушылар ұзақ мерзімді және синдикатталған несие беруді кеңейту, лизингті дамыту, шағын және орта бизнеске қаржы тартуды жеңілдету мәселелеріне басымдық бермек.