"Әскери реформада тәрбие мен жауапкершілікке назар аудару қажет", - сарапшы

Қазір әскердің күші тек қару-жарақпен өлшенбейді. Бүгінде әскери қызметшілердің кәсіби дайындығы, сарбаздардың қауіпсіздігі мен басқару жүйесінің тиімділігі де маңызды рөл атқарады. Бұл бағыттағы өзгерістер ең алдымен әскердің басқару жүйесін жаңғыртуға, сарбаздардың даярлық сапасын арттыруға және әлеуметтік қолдау тетіктерін күшейтуге бағытталған. Мамандардың айтуынша, қазіргі жағдайда Қарулы күштердің тек техникалық мүмкіндігін арттыру аздық етеді. Ең маңыздысы - кәсіби дайындық, тәртіп, қауіпсіздік және әскери қызметтің тартымдылығын көтеру. Сарапшылар реформа әскердің қоғам алдындағы беделін нығайтып, қорғаныс саласының тиімділігін арттыруы керек деген пікірде.

ДӘУЛЕТ САЛХАНОВ, ОТСТАВКАДАҒЫ ГЕНЕРАЛ-МАЙОР:

Әскери реформаның нәтижесі қабылданған шешімдермен емес, олардың іс жүзінде қалай орындалғанымен бағалануы керек. Басты назар әскери қызметшілердің кәсіби даярлығына, сарбаздардың қауіпсіздігіне және басқару жүйесінің тиімділігіне аударылғаны жөн. Өйткені заманауи армияға жаңа техникамен қатар, білікті мамандар мен нақты жұмыс істейтін жүйе қажет.