Оралда жедел жәрдем стансасының жаңа ғимараты салынып жатыр

Оралда жедел медициналық жәрдем стансасының жаңа ғимараты бой көтереді. Үш қабатты заманауи нысанды салуға 2 млрд теңге бөлінген. "Жедел жәрдемнің" қазіргі бір қабатты әкімшілік корпусының негізі 1948 жылы қаланған. 70 жылдан асқан ғимарат бүгінде тозығы жеткен әрі аумағы тар болғандықтан, заманауи талаптарға сай келмейді. Осылайша ескі нысан бұзылып, орнына іргетас құйылып жатыр. Жаңа мекенде диспетчерлік бөлме, көшпелі бригадалардың демалыс бөлмелері, дәрігерлер мен фельдшерлер кабинеттері, емшара бөлмесі, дәрі-дәрмектерді сақтау орындары орналасады. Бұған қоса көлік тұрағы салынып, айналасы абаттандырылады.

ОРАЛБАЙ ЖАНГЕРЕЕВ, МЕРДІГЕР МЕКЕМЕ ӨКІЛІ:

Жұмыс барлық қарқынмен жүргізіліп жатыр. Жұмыс қолы жеткілікті, қолданып жатқан барлық құрылыс материалдары да өзіміздің тауарөндірушілеріміздің жергілікті және отандық тауарөндірушілерден алынып отырған құрылыс материалдары. Соңғы стандарттарға сәйкес жақсы ғимарат болады деп жұмыстанып жатырмыз.