2027 жылы Құрбан айтта қазақстандықтар қосымша демалысқа шықпайды

Фото: ашық дереккөз

2027 жылы Құрбан айттың алғашқы күні жексенбіге сәйкес келеді. Алайда келесі дүйсенбі, 17 мамыр, қазақстандықтар үшін жұмыс күні болып қалады. Себебі діни мерекеге байланысты демалыс күні автоматты түрде ауыстырылмайды, деп хабарлайды Astana TV.

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы 2027 жылғы діни мерекелер күнтізбесін бекітті. Оған сәйкес, Құрбан айт 16-18 мамыр аралығында өтеді. Ал Еңбек кодексіне сәйкес, мерекенің тек алғашқы күні ғана демалыс болып саналады.

Неліктен демалыс күні ауыстырылмайды?

Құрбан айт мемлекеттік және ұлттық мерекелер қатарына жатпайды. Сондықтан оның алғашқы күні жексенбіге сәйкес келген жағдайда демалыс келесі жұмыс күніне көшірілмейді.

ҚР Еңбек кодексінің 84-бабына сәйкес, Құрбан айттың алғашқы күні жұмыс режиміне қарамастан демалыс күні болып есептеледі. Бірақ оны дүйсенбіге ауыстыру қарастырылмаған.

2027 жылғы діни мерекелер күнтізбесі:

  • 8 ақпан – Рамазан айының басталуы;
  • 5-нен 6 наурызға қараған түн – Қадір түні;
  • 9 наурыз – Ораза айт;
  • 15 мамыр – Арапа күні;
  • 16-18 мамыр – Құрбан айт.

Осылайша, бес күндік жұмыс аптасында 9 наурыз, 17 және 18 мамыр әдеттегі жұмыс күндері болады.

Құрбан айттың алғашқы күні жұмыс істегендерге қалай ақы төленеді?

Егер қызметкер 16 мамырда жұмысқа шықса, оған өтемақы қарастырылған. Еңбек кодексінің 85 және 109-баптарына сәйкес, қызметкер басқа демалыс күнін алуға немесе еңбекақысының кемінде бір жарым еселенген мөлшерде төленуін таңдауға құқылы.

Мысалы, бір күндік еңбекақысы 20 мың теңге болса, мереке күні жұмыс істегені үшін кемінде 30 мың теңге төленуі керек.

Ауысымдық немесе вахталық жұмыс кестесімен істейтін қызметкерлерді бұл күні жұмысқа тарту үшін бөлек жазбаша келісім талап етілмейді. Ал басқа қызметкерлерге қатысты заңда белгіленген талаптар сақталуы тиіс.

Құрбан айттың күні өзгеруі мүмкін бе?

ҚМДБ мәліметінше, діни мерекелердің нақты күні жаңа айдың көрінуіне байланысты бір күнге өзгеруі мүмкін.

Егер Құрбан айттың алғашқы күні 17 мамырға ауысса, дүйсенбі демалыс болады. Ал мереке 15 мамырда басталса, сенбі демалыс күні болып есептеледі.