11 қарашадан бастап қазақстандықтар жаңа үлгідегі вагондармен қатынайды

Көлік министрлігі

Қазақстанда Stadler компаниясы шығарған жаңа жолаушылар вагондары іске қосылады. Алғашқы пойыздар Астанадан Алматы мен Семейге қатынайды. Жаңа вагондарға билеттер сатылымы 5 қарашада басталды, деп хабарлайды Astana TV.

«Қазақстан темір жолы» мәліметінше, 11 қарашада Астанадан Алматыға, ал 13 қарашада Семейге алғашқы пойыздар жолға шығады.

Жаңа вагондармен №3/4 «Нұрлы жол – Алматы-2» және №153/154 «Нұрлы жол – Семей» пойыздары қатынайды. Билеттерді ҚТЖ-ның ресми сайтынан немесе теміржол вокзалдарындағы кассалардан сатып алуға болады.

Вагондар Stadler Kazakhstan зауытында еліміздің климаттық ерекшеліктері мен жолаушылар тасымалына қойылатын заманауи талаптарды ескере отырып жасалған.

Купе вагондары 40 жолаушыға, ал плацкарт вагондары 56 адамға арналған.

Жаңа вагондарда:

  • климат-бақылау жүйесі;
  • жеке жарықтандыру құралдары;
  • 220 В электр розеткалары;
  • USB және USB-C порттары;
  • бейнебақылау жүйесі қарастырылған.

Сондай-ақ жүріп-тұруы шектеулі жолаушыларға арнайы жағдай жасалған. Пойыз құрамына ыстық тамақ, сусындар мен жеңіл тағамдар сатылатын буфет вагондары да қосылады.

Жолаушылар вагонын жаңарту Мемлекет басшысының тапсырмасы аясында жүзеге асырылып жатыр. Келісімшарт бойынша 2030 жылға дейін Қазақстанға 557 жаңа вагон кезең-кезеңімен жеткізіліп, оларға сервистік қызмет көрсетіледі.