Қазақстанда экстракорпоралдық ұрықтандыру (ЭКҰ) технологиясының көмегімен дүниеге келген балалар саны 50 мыңнан асты, деп хабарлайды Astana TV.
Осы тарихи оқиғаның 30 жылдығына орай Алматыда 25 елден 1000-нан астам маман қатысатын XVIII халықаралық репродуктивтік медицина конгресі басталды.
Алматы қаласында 25 елден келген 1000-нан астам маманды біріктірген Қазақстан репродуктивтік медицина қауымдастығының (ҚРМА) XVIII халықаралық конгресі өз жұмысын бастады. Форум елімізде экстракорпоралдық ұрықтандыру (ЭКҰ) процедурасы арқылы дүниеге келген алғашқы баланың 30 жылдығына арналды. Тарихи оқиға 1996 жылғы 31 шілдеде болған.
Қазақстанда репродуктивтік денсаулықты сақтау мәселесіне адам өмірінің барлық кезеңінде ерекше назар аударылады. Бұл бағыт отбасын қолдаудан, репродуктивтік жүйе бұзылыстарының алдын алу мен емдеуден, жүктілікке дейінгі дайындықтан бастап, ана мен бала денсаулығын сақтау қызметін жетілдіруге дейінгі шараларды қамтиды, — деп атап өтті Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова форум қатысушыларына жолдаған құттықтау сөзінде.
Қабылданған шаралардың нәтижесінде соңғы 5 жылдың ішінде ана өлімінің көрсеткіші 4 есе төмендеді, ал нәресте өлімі 30%-ға азайды.
Министрдің айтуынша, Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес ЭКҰ бағдарламаларын қаржыландыру көлемі 7 есе ұлғайтылды. 2021–2025 жылдар аралығында «Аңсаған сәби» бағдарламасының шеңберінде шамамен 34 мың әйелге ЭКҰ жасалды. Олардың 13 мыңнан астамы жүктілік бойынша есепке алынып, нәтижесінде 11 мыңнан астам сәби дүниеге келді.
Бұл цифрлардың артында ана мен әке болу арманын жүзеге асырған мыңдаған отбасы тұр. Бұл — бірлескен жұмысымыздың ең маңызды нәтижесі. Осындай технологиялардың әрқайсысының артында көпжылдық ғылыми зерттеулер, ғалымдардың, эмбриологтардың, дәрігерлер мен медицина қызметкерлерінің қажырлы еңбегі жатыр, — деп атап өтті ведомство басшысы.
Конгресс бағдарламасы практикалық медицинаның озық бағыттарын қамтиды. Атап айтқанда, жасанды интеллект элементтерін енгізу, имплантацияға дейінгі генетикалық скрининг және онкофертильділік мәселелері талқыланады.
Қазіргі таңда Қазақстанда осы бағытта жұмыс істейтін 32 бейінді клиника бар. Олар жыл сайын қосалқы репродуктивтік технологиялардың шамамен 18 мың циклін жүргізеді. Елімізде қосалқы репродуктивтік технологиялардың көмегімен дүниеге келген балалардың жалпы саны 50 мыңнан асты.