Анкарадағы халықаралық алаңда «Әділет» партиясының әйелдер көшбасшылығын дамыту тәжірибесі таныстырылды

фото: "Әділет" партиясының баспасөз қызметі

Анкарада Түркияның жетекші Әділет және даму партиясы (AK Parti) алаңында әйелдердің саясатта жетістікке жетуіне және өз өңірлеріндегі тұрмыс сапасын өзгертуіне ықпал ететін табысты жобалар таныстырылды, деп хабарлайды Astana TV.

«Ортақ тамыр – ортақ болашақ: Түркі әлемінің әйелдері» халықаралық бағдарламасы аясында Қазақстан делегациясы «Әділет» партиясының Әйелдер қанаты қызметі, оның өңірлік құрылымдары, басым бағыттары мен әйелдер бастамаларын қолдау тетіктері туралы баяндады.

Әйелдер көшбасшылығын дамыту және олардың қоғамдық маңызы бар шешімдер қабылдау үдерісіне атсалысу аясын кеңейту ісі Қазақстандағы мемлекеттік саясатының маңызды бағытының бірі болып қала береді. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қоғамды дамыту, отбасы институтын нығайту және өскелең ұрпақты тәрбиелеу ісінде әйелдер айрықша рөл атқаратынын әркез айтып келеді. Жаңа Конституцияда теңдік және кемсітушілікке жол бермеу қағидаттары бекітілді.  

Панельдік сессия барысында Қазақстан делегациясы «Әділет» партиясы Әйелдер қанатының ауқымды өңірлік желіге және он басым бағыт бойынша жауапкершілікті бөлуге негізделген ұйымдық моделін таныстырды. Әр бағытқа екі тең төрайым – әйел депутат пен қоғам өкілі жетекшілік етеді. Мұндай тәсіл заңнамалық бастамаларды, сарапшылық әлеуетті және өңірлердегі нақты жұмысты өзара үйлестіруге мүмкіндік береді.

Сондай-ақ қатысушыларға Құрылтайдағы әйелдер үлесі туралы ақпарат ұсынылды. Бүгінде «Әділет» партиясы фракциясының құрамында 37 әйел депутат жұмыс істейді. Бұл жалпы фракция мүшелері санының 33,6%-ын құрайды. Осылайша, әйелдер фракциядағы депутаттық мандаттардың үштен бірінен астамын иеленіп, мемлекеттік саясаттың түрлі бағыты бойынша заң шығару қызметіне белсенді араласады.

Партияның Әйелдер қанаты қызметіндегі негізгі бағыттардың қатарында әйелдер көшбасшылығын ілгерілету, тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу, денсаулық сақтау, ғылымды дамыту, инклюзияны қолдау және әйелдердің өзін танытуына қажет мүмкіндіктерді кеңейту қадамдары бар. Өңірлерде, соның ішінде ауылдық елді мекендерде тұрып жатқан әйелдерімен өзара ықпалдастыққа ерекше назар аударылады. Партия өңірлік құрылымдар арқылы кері байланыс орнатады, ұсыныстар жинақтайды және партия мен заңнама деңгейінде одан әрі қарауды қажет ететін мәселелерді айқындайды.

«Бүгінде «Әділет» партиясының Әйелдер қанаты – жай ғана пікір алмасу алаңы емес, еліміздің барлық өңіріндегі белсенді әйелдерді біріктіретін кең ауқымды құрылым. Біз өңірлермен өзара ықпалдастық тетіктерін жетілдіріп, цифрлық құралдарды дамытып, әйелдердің мүмкіндіктерін кеңейтуге бағытталған жобаларды жүзеге асырып келеміз. Жергілікті жерлердегі бастамалардың нақты жалғасын тауып, нәтижелі іске асуы – біз үшін аса маңызды», – деді «Әділет» партиясы Орталық аппаратының Әйелдер қанаты қызметін қамтамасыз ету басқармасының басшысы Сайрангүл Жұмаділова.

Сонымен қатар Қазақстан делегациясы құрамына Құрылтай депутаты, «Әділет» партиясы фракциясының мүшесі Шолпан Каринова және Әйелдер қанаты өңірлік құрылымдарының өкілдері енді. Атап айтқанда, Жамбыл және Ақтөбе облыстық филиалдарының жетекшілері Айман Әшімова мен Күлшат Масалимова, сондай-ақ Түркістан облысы бойынша Әйелдер қанатының тең төрайымы, Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің ректоры Жанар Темірбекова қатысты.

Осылайша, Анкарадағы халықаралық алаң түркі мемлекеттеріндегі әйелдер көшбасшылығы мен қоғамдық бастамаларды дамыту және әйелдердің әлеуметтік-саяси үдерістерге атсалысуын кеңейту мәселелері бойынша тәжірибе алмасуға мүмкіндік берді.