Климат адам өмірін жалмап барады. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы табиғаттың тосын мінезінен тұрғындарға төнетін қауіп көп дейді. Бұлай дабыл қағуы бекер емес. Елдегі өлім-жігімнің 10 процентіне осы ауаның ластығы әсер еткен. Осылай жалғаса берсе, 10 жылдан кейін 250 мың адамнан айырылуымыз мүмкін. Бұл мәселемен қалай күресеміз? Шетелдік сарапшылардың пайымы қандай? Әріптесім Аружан Задабек тілдесті.
АРУЖАН ЗАДАБЕК, ТІЛШІ:
Бірде аптап ыстық, бірде нөсер жауын, енді бірде алапат тасқын. Құрғақшылық тағы бар. Табиғат соңғы жылдары тосын мінез көрсетіп жүр. Мұның бәрі тек қоршаған ортаға ғана емес, адам денсаулығына да әсер етеді. Күннің күрт ысуы жүрекке салмақ түсірсе, ауа ластануы тыныс алу жүйесіне қауіп төндіреді.
Климаттың өзгеруі туралы айтқанда көбіне мұздықтардың еруі, құрғақшылық пен су тапшылығы сөз болады. Бірақ табиғаттан төнетін қауіп бұл ғана емес. Адам денсаулығына дақ түсіреді. Аптап ыстықты мысалға алайық. Жапониялық профессор күннің ысуы тұрғындарға қалай әсер ететінін зерделеген. Зерттеу барысында нафилаксия, иммундық тромбоцитопениялық пурпура және Кавасаки ауруы сияқты дертке шалдыққан науқас саны артуы мүмкін екенін байқаған.
НОБУТОШИ НАВА, ТОКИО ҒЫЛЫМ ИНСТИТУТЫНЫҢ ПРОФЕССОРЫ:
Климат мәселесі шешілмесе ауру саны артатыны сөзсіз. Егер науқас көбейсе, медицинаға түсетін салмақ та артады. Сондықтан медицина қызметкерлері мен зерттеушілер алдағы қауіптерге қазірден дайындалуы керек.
Қазақстан климат өзгерісінің салдарын сезініп-ақ отыр. Атыраудағы су тасқыны тұрғындардың үй-жайына, шаруашылығына қауіп төндірсе, оңтүстіктегі құрғақшылық егін мен мал шаруашылығына салмақ салады. Аралдың тартылуы тұзды шаңның таралуына ықпал етіп, халық денсаулығына қауіп төндіреді. Ал Каспий деңгейінің төмендеуі балық қоры мен балықшылардың тіршілігіне әсер етеді. Ал мұның бәрі түптеп келгенде адам денсаулығына әсер етпей қоймайды. Ауа сапасы нашарлайды, таза суға қолжетімділік қиындайды.
АНТОНИО САРРИА-САНТАМЕРА, NAZARBAYEV UNIVERSITY МЕДИЦИНА МЕКТЕБІНІҢ ПРОФЕССОРЫ:
Біз Атыраудағы су тасқынын, еліміздің оңтүстігіндегі құрғақшылықты көрдік. Арал теңізінің жағдайы өте күрделі. Каспийдегі су деңгейі де төмендеп барады. Бұдан бөлек, Қазақстанның су мәселесіне Қырғызстан мен Тәжікстандағы мұздықтардан бастау алатын өзендер де әсер етеді. Сондықтан әр аймақтың жағдайын және оның халық денсаулығына ықпалын зерттеуіміз қажет.
Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының болжамы көңіл көншітпейді. 2030-2050 жылдар аралығында климаттың өзгеруінен әлемде жыл сайын 250 мың қосымша өлім болуы мүмкін екенін мәлімдеді. Мәселенің тағы бір қыры бар. Адам денсаулығын қорғауға тиіс медициналық мекемелердің өзі қоршаған ортаға белгілі бір деңгейде зиян келтіреді.
МЕРЕЙЛІМ ГАЙСИНА, ҚОҒАМДЫҚ ДЕНСАУЛЫҚ САҚТАУ ОРТАЛЫҒЫ ДЕПАРТАМЕНТІНІҢ БАС МАМАНЫ:
Қанша пайдасы келсе, оның басқа да факторлары шығады. + экологиялық тұрақтылығы мәселесі ғана емес, инфекциялық контроль мәселесі. + Бұл сұрақ жан-жақты қарастырылуы керек.
Қазақстанда бірнеше жыл бұрын ауадағы өте ұсақ шаң бөлшектерінің мөлшері қауіпсіз деңгейден 4,4 есе жоғары болған. Бұл бөлшектер көзге көрінбейді, бірақ адам тыныс алғанда өкпеге еніп, қан айналымына да әсер етуі мүмкін. Міне, сол жылы елдегі өлім-жітімнің шамамен 10 пайызы ауаның ластануымен байланысты болған.