Металлургия туралы заң қайта қаралады

  • AstanaTV
  • 06 қараша 2026

Тау-кен металлургия саласы - ел экономикасының негізгі тіректерінің бірі. Алайда кәсіпкерлер жылдар бойы қордаланған мәселелердің шешімін күтіп келеді. Соның бірі - ескірген салық жүйесі. Қолданыстағы тәртіп бойынша пайдалы қазбаларды өндіру салығы шикізат жер қойнауынан алынған сәттен бастап есептеледі. Ал халықаралық тәжірибеде салық жүктемесі өнім өңделіп, нарыққа сатылғаннан кейін қалыптасады. Бұл тәсіл кәсіпкерлер үшін де, инвесторлар үшін де анағұрлым түсінікті әрі әділ. Бұдан бөлек, жер мен су ресурстарын пайдалануға қатысты шектеулер де өндіріс орындарының жұмысына кедергі келтіріп отыр. Осы мәселелерді жүйелі түрде шешу мақсатында «Әділет» партиясы жанынан салалық кеңес құрылды.   

ЭЛЬДАР ЖҰМАҒАЗИЕВ, "ӘДІЛЕТ" ПАРТИЯСЫ ТӨРАҒАСЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:

Тек осы салалық кеңестің деңгейінде біз қалып қоймаймыз. Бұдан да жоғары площадка, бұл - іскерлік кеңес. Онда партияның төрағасы Айбек Арқабайұлы Дәдебайдың қатысуымен, кейбір шешілмеген мәселелер болса, сол кісінің деңгейінде талқылайтын боламыз. Вице-премьерлер қатысады онда. Біздің мақсатымыз - осы жерде бір тепе-теңдік табу, келісімге келу.

НИКОЛАЙ РАДОСТОВЕЦ, "ӘДІЛЕТ" ПАРТИЯСЫ ТКМК КЕҢЕСІНІҢ ТӨРАҒАСЫ: 

Шетелдік инвесторлар біздің салық жүйесін түсіне бермейді. Өйткені дамыған елдердің басым бөлігінде салық өнім сатылғаннан кейін төленеді. Сондықтан осы олқылықтардың орнын толтырып, салық және жер-су қатынастарын реттейтін заңнаманы заман талабына сай бейімдеуіміз қажет.