Алматының Бостандық ауданында қараусыз жатқан аумақтар заманауи демалыс орындарына айналып жатыр. Биыл мұнда бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі аясында 27 жоба жүзеге асырылуда. Оның 13-і аяқталса, 14-і бойынша абаттандыру жұмыстары жалғасып жатыр. Кәсіпкерлердің қолдауымен жаңа аллеялар, гүлзарлар мен скверлер ашылып, тұрғындарға қолайлы қоғамдық кеңістіктер қалыптасуда.
Аумақтарда серуендеу жолдары төселіп, тротуарлар жаңартылды. Жаңа ағаштар отырғызылып, жарық шамдары, орындықтар мен әткеншектер орнатылды. Сондай-ақ арық жүйесі ретке келтіріліп, көру қабілеті төмен тұрғындарға арналған тактильді тақталар төселді. Енді мұнда тұрғындар серуендеп, жайлы ортада демала алады.
АЗАМАТ ҚАЛДЫБЕКОВ, БОСТАНДЫҚ АУДАНЫНЫҢ ӘКІМІ:
«Игілік бостандық» деген бағдарлама өзімізде ашып, тұрғындардың қажеттілігі мен бизнестің мүмкіншілігімен осындай ұштастырып, 27 жобаны 3 млрд теңгеге бүгінгі таңда бостандық ауданы бойынша жүзеге асырып жатырмыз.
Мұндай бастамалар ең алдымен аудан тұрғындарының күнделікті өміріне оң әсер етеді. Балалар қауіпсіз жерде ойнап, үлкендер таза ауада серуендеп, демала алады.
ГҮЛНАРА СҮЛЕЙМЕНОВА, ҚАЛА ТҰРҒЫНЫ:
Бұл ауданда 8 жылдан бері тұрамын. Бұрын бос жатқан, қараусыз қалған жерлер көп еді. Қазір олардың орнына саябақтар мен балалар алаңдары салынып, аудан көркейіп келеді. Енді балалар да, үлкендер де серуендеп, демала алады.
Жобалардың ішінде ерекше қажеттіліктері бар балаларға арналған инклюзивті ойын алаңы да бар. Аумағы 450 шаршы метр болатын кешенде қауіпсіз жұмсақ жабын, пандустар, 10 тактильді панель және пойыз пішініндегі ойын құрылғысы орнатылған. Мұнда балалардың барлығына бірге ойнап, араласуға мүмкіндік жасалған.
АНАР ОСПАНОВА, «ШАПАҒАТ» ОРТАЛЫҒЫНЫҢ ДИРЕКТОРЫ:
Бөгде адамның көмегінсіз өздері қозғалып жүреді, ойнай алады. Кешеннің ең ерекшелігі тактильный, сенсорный панельдері бар. Барлық пандустары бар. Ұсақ маторикасын жақсы дамытады.
Аудан әкімдігі бұл бағыттағы жұмысты жалғастырып, жаңа серіктестер тарту және тұрғындарға нақты пайда әкелетін жобаларды көбейтуді көздеп отыр.