Шығыс Қазақстан облысының Верхнеберезовский кентінде 25 жылдан астам уақыт бойы жұмыс істемей тұрған шахта қайта іске қосылмақ. Инвесторлар 3 мыңға дейін жұмыс орнын ашуды және әлеуметтік инфрақұрылымды қалпына келтіруді жоспарлап отыр.
Полиметалл рудасын өндіруді қытайлық инвесторлар қолға алмақ. Шағын елдімекен үшін бұл - жай ғана өнеркәсіптік кәсіпорынның ашылуы емес, экономикалық қайта түлеудің мүмкіндігі. Жаңа жұмыс орындары ашылып, тұрғындар туған жерде қалады.
ДҮЙСЕМБАЙ ЫРЫМБАЕВ, КЕНТ ТҰРҒЫНЫ:
Қазір бұл жұмыс істемей тұрғаны бәріміздің көңілімізді түсіреді, ауылдың әлеуметтік-экономикалық жағдайы нашарлап барады. Бірақ, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев айтқандай, егер инвесторлар мен ірі компаниялар тартылса, бұл кеніш қайта түлейді. Бұл тек біздің кенттің ғана емес, бүкіл өңірдің әлеуметтік-экономикалық жағдайын көтереді.
Алғашқыда шамамен 500 адам жұмыспен қамтылмақ. Кейін 3 мыңға дейін артуы мүмкін. Болашақ мамандар жергілікті колледжде даярланады. Инвестор әлеуметтік міндеттемелерді де өз мойнына алып, бос тұрған үйлерді жөндеуді, әлеуметтік нысандар салуды көздеп отыр. Экологиялық қауіпсіздік пен өндірісті жаңғыртуға да баса назар аударылмақ.
ЕРМАК САЛИМОВ, ГЛУБОКОВ АУДАНЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:
Бүгінгі таңда өнеркәсіптік қауіпсіздікке қатысты тау-кен жұмыстарының жобасы біздің органдармен келісілді. Олар осы шахта оқпандарын қалпына келтіріп, қай жерде нығайту немесе қайтадан салу керектігін анықтауы тиіс. Қаншама адамның жұмыс істей алатынын елестетіп көріңізші. Біз қазір заңнамалық жобаларда тіпті қазақстандық емес, «верхнеберезовском мазмұны» болуы үшін жұмыс істеп жатырмыз.
Кәсіпорынды жандандыру перспективалары Құрылтай депутаттарымен өткен кездесуде талқыланды. Тұрғындар бастаманы қолдады. Бірақ өнеркәсіптің дамуы экологияға зиянын тигізбеуі тиіс дейді. Табиғатты қорғау талаптарының сақталуына қоғамдық бақылау ұйымдастырылмақ. Инвестициялық жобаның тезірек жүзеге асуына қолдау көрсетуді сұраған тұрғындар «Әділет» партиясының өкілдеріне жүгінді.
ЕРЛАН САИРОВ, ҚР ҚҰРЫЛТАЙЫНЫҢ ДЕПУТАТЫ, «ӘДІЛЕТ» ФРАКЦИЯСЫНЫҢ МҮШЕСІ:
Бас прокуратура жанынан инвестицияларды қорғау комитеті құрылған. Олар инвесторлардың еліміздің заңнамасының әр түрлі аспектілеріне қатысты барлық өтініштерін заң тұрғысынан қарастырады. Инвестиция тартылуы кез келген елдің экономикалық дамуының басты буыны екенін түсінуіміз керек. Бұл - жаңа жұмыс орындары, салықтар және жаңа технологиялар.
«Әділет» партиясының өкілдері тұрғындар, инвесторлар және мемлекеттік органдар арасындағы ашық диалог ең өткір мәселелерге шешім табуға мүмкіндік береді деп есептейді.