«Әділет» партиясы тау-кен металлургия кешенінің тұрақты дамуына бағытталған жүйелі шешімдер әзірлейді

фото: "Әділет" партиясының баспасөз қызметі

Тау-кен компанияларының тұрақты жұмыс істеуіне қандай жағдай жасау керек? Шикізат қорларын игеруді қалай жеңілдетеміз? Өндірістік қалдықтарды қайта өңдеу көлемін арттыру үшін не істеуге болады? Бұл мәселелер «Әділет» партиясы Іскерлік кеңесі жанындағы Тау-кен металлургия кешені мәселелері жөніндегі салалық кеңестің алғашқы отырысында талқыланды, деп хабарлайды Astana TV. 

Жиынға салалық қауымдастықтардың, мемлекеттік органдардың өкілдері мен Құрылтай депутаттары қатысты.

Өнеркәсіпті дамыту, инвестиция тарту және отандық шикізатты терең өңдеу – Мемлекет басшысының Жолдауында белгіленген негізгі басымдықтардың қатарында. Бұл мақсаттарға қол жеткізу үшін кәсіпорындардың жұмысына кедергі келтіретін заңнамалық және әкімшілік тосқауылдарды жою қажет.

Салалық кеңес төрағасы Николай Радостовец тау-кен металлургия кешені экономиканың басым бағыттарының біріне айналып келе жатқанын жеткізді. Ол геологиялық барлау мен көмір өнеркәсібін дамытумен қатар, инвестиция көлемін арттыру, отандық шикізатты терең өңдеу, экологиялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету және түсті әрі сирек жер металдарын өндіруге қажетті ресурс базасын қалыптастыру маңызды екенін айтты.

Оның айтуынша, саланы дамыту үшін салық салу шарттарын әділ ету, әкімшілік кедергілерді қысқарту және заңнама талаптарының тұрақтылығын сақтау қажет. Кеңес осы міндеттерді шешуге бағытталады. Оның жұмысына бизнес өкілдері, мемлекеттік органдар мен депутаттар қатысып, нақты заңнамалық бастамалар әзірлейді.

«Әділет» партиясы төрағасының орынбасары Эльдар Жұмағазиев те Кеңес жұмысының нақты нәтижеге бағытталуы маңызды екенін атап өтті.

«Біздің басты міндетіміз – Құрылтай депутаттары мен мемлекеттік органдардың мүмкіндіктерін біріктіріп, партия алаңында қауымдастықтар және сала мамандарымен бірге кәсіпкерлік пен экономика мәселелерін талқылау. Салалық кеңес деңгейінде шешілмеген мәселелер кейін Айбек Дәдебайдың қатысуымен партия Іскерлік кеңесінің отырысында қаралады. Біздің мақсатымыз – тепе-теңдікті сақтап, ортақ келісімге келу», - деді Эльдар Жұмағазиев.

Отырыстағы негізгі тақырыптардың бірі – тау-кен өндіруші кәсіпорындарға түсетін салық жүктемесі. Қазақстан тау-кен палатасының президенті Руслан Баймишев инвесторлар салық талаптарын жобаның басынан-ақ нақты білуі қажет екенін айтты. Сала өкілдерінің пікірінше, роялти мөлшерін есептеген кезде кәсіпорындардың нақты экономикалық көрсеткіштері, сондай-ақ шикізатты өндіру мен өңдеудің ерекшеліктері ескерілуі қажет.

Мемлекеттік орган өкілдері салық төлеуден жалтаруға жол бермеу қажеттігін айтты. Ол үшін салық есебі ашық болуы, ал компаниялар үлестес ұйымдар мен трансферттік баға белгілеу тетіктерін салықтан жалтару үшін пайдаланбауы керек.

Жиынға қатысушылар мемлекет пен бизнес мүддесін тең ұстауға мүмкіндік беретін тәсілдерді талқылады. Роялтиді қолдану мерзімі 2029 жылғы 1 қаңтарға шегерілді. Ал салық заңнамасына енгізілетін өзгерістер топтамасын 2027 жылдың соңына дейін әзірлеу жоспарланған.

Тағы бір өзекті мәселе – тау-кен жобаларын іске асыруға қажетті жер учаскелерінің қолжетімділігі. Кен орнын игеруге лицензия болғанның өзінде жерге құқықты рәсімдеу және құжаттарды келісу жұмыс бастау мерзімін созып жіберуі мүмкін. Николай Радостовец инвесторлар жеке меншік жер иелерімен келіссөз жүргізу кезінде жиі қиындыққа тап болатынын айтты. Соның салдарынан келешегі бар жобалар кешігіп, тіпті іске аспай қалуы мүмкін.

Сала өкілдері жер учаскелерін рәсімдеу тәртібін жеңілдетуді, өтінімдерді қараудың нақты мерзімдерін белгілеуді және инвестициялық жобалар үшін жерді алып қою кезінде меншік иелеріне өтемақы төлеу тәртібін айқындауды ұсынып отыр.

Ауыл шаруашылығы вице-министрі Азат Сұлтанов ведомствоның сала өкілдерімен бірлесіп заңнамалық өзгерістерді пысықтауға және олардың құқықтық әрі бюджеттік салдарын бағалауға дайын екенін хабарлады.

Қатысушылар Су кодексіндегі нормалар мен олардың өнеркәсіп жұмысына әсерін де қарастырды. Мысал ретінде қолданыстағы су объектілеріне қатысты талаптар Павлодар алюминий зауытының дамуын шектеп отырғанын айтты.

Мемлекеттік орган өкілдері су ресурстарын сақтау басты басымдық болып қала беретінін, сонымен бірге заңнама стратегиялық өндірістердің ерекшелігін ескеруі керектігін атап өтті. Қазір Өнеркәсіп және құрылыс министрлігімен бірлесіп, сараланған тәсіл әзірленіп жатыр. Ол су объектісінің жай-күйін, кен орнының маңызын және тау-кен жұмыстарының экологиялық тәуекелдерін ескеруге мүмкіндік береді. Осылайша, табиғатты қорғау талаптарын сақтай отырып, маңызды инвестициялық жобаларды іске асыруға жол ашылады.

Жұмыстың тағы бір бағыты – техногендік минералдық түзілімдерді (ТМТ) қайтадан шаруашылық айналымына қосу. Әңгіменің әуелі күл мен қож туралы. Қазір олардың едәуір бөлігі кәдеге жаратылмайды, алайда оларды екінші реттік шикізат ретінде пайдалануға болады.

Қайта өңдеуді дамыту үшін сала өкілдері кәсіпорындардың ТМТ-ға меншік құқығын заң жүзінде бекітуді, оларды қайта өңдегені үшін қосымша салық төлемеу тәртібін енгізуді және өңдеуші компанияларға беруді жеңілдетуді ұсынып отыр. Сонымен қатар бұрыннан жиналған өндірістік қалдық үйінділерін тазарту және жерді қалпына келтіру мәселелері де талқыланды.

«Өндірістік қалдықтар шығын емес, қайта айналымға қосылатын құнды ресурсқа айналуы керек», - деді Николай Радостовец.

Партияның Іскерлік кеңесі ұсынған бастамалардың бір бөлігі Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі жанындағы жұмыс тобының алдын ала қолдауына ие болды. Олардың қатарында «Жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану туралы» кодекске, Су және Жер кодекстеріне енгізілетін түзетулер бар. Қалған ұсыныстар сарапшылардың қатысуымен қосымша пысықталады.

Құрылтай депутаты Вадим Басин депутаттық топтың салалық заңнаманы жетілдіруге қолдау көрсетуге дайын екенін жеткізді. Отырыс қорытындысында қатысушылар әр бағыт бойынша бизнес, министрліктер мен салалық қауымдастықтар өкілдері кіретін жұмыс топтарын құруға келісті.