Вахталық автобус жұмысшыны қағып кетті

фото: видеодан скрин

Әлеуметтік желілерде Ақтау – Қаламқас автожолында болған оқиға туралы ақпарат тарады. Таралған мәліметтерге сәйкес, аталған учаскеде адам өлімімен аяқталған жол-көлік оқиғасы болып, жұмысшы қаза тапты, деп хабарлайды Astana TV  Lada.kz-ке сілтеме жасап. 

Жол апаты 6 қарашада шамамен сағат 11:30-да Ақтау – Қаламқас автожолының 170-171 шақырымында, аялдама маңында болған. Алдын ала мәліметтер бойынша, «Қаражанбас» кен орны бағытына бара жатқан Daewoo маркалы вахталық автобус автожолдан өтіп бара жатқан «Маңғыстаумұнайгаз» АҚ жұмысшысын қағып кеткен.

«Маңғыстаумұнайгаз» АҚ бұл оқиғаны растап, салдарынан өз қызметкері қаза тапқанын хабарлады.

«Қайтыс болған азаматтың туған-туыстары мен жақындарына қайғырып көңіл айтамыз», – делінген таратқан хабарламасында.

Lada.kz редакциясы өңірлік полиция департаментінен қосымша түсінік сұратқан. Ведомство хабарлағандай, аталс̧ан факті бойынша қылмыстық іс қозғалды. Автобус арнайы тұраққа қойылды.

«Қазіргі уақытта қажетті тергеу әрекеттері жүргізіліп, оқиғаның мән-жайы анықталып жатыр. Полиция департаменті барлық жол қозғалысына қатысушыларды ЖҚЕ-ні қатаң сақтауға шақырады», – делінген хабарламада.