Әлеуметтік желілерде жасөспірімдер арасында бойды тез өсіруге арналған жаңа үрдіс таралып жатыр
Мамандарды алаңдатқан бұл құбылыс heightmaxxing деп аталады. Кейбір жасөспірімдер бойын ұзарту мақсатында қатерлі ісікті емдеуге арналған эрдафитиниб препаратын қабылдап жүрген көрінеді. Бұл туралы BILD басылымына сілтеме жасап Astana TV хабарлайды.
Әлеуметтік желідегі жазбаларда аталған дәрінің көмегімен айына екі сантиметрге дейін бой қосуға болады деген мәлімет тараған. Алайда эрдафитинибтің мұндай мақсатта қолданылуы ғылыми тұрғыдан дәлелденбеген.
Balversa сауда атауымен сатылатын бұл препарат қуық қатерлі ісігінің асқынған түріне шалдыққан ересек науқастарды емдеуге арналған. Ол сүйек өсуін реттеуге қатысатын ақуыздардың белсенділігін тежейді.
Дәріге деген қызығушылық кейбір балалардың ми ісігін емдеу кезінде бойының әдеттен тыс жылдам өскені байқалғаннан кейін артқан. Дегенмен препараттың кері әсері де аз емес. Атап айтқанда, сүйектің өсу аймақтарында өзгерістер туындауы мүмкін. Кейбір науқастарда сан сүйегі басының орнынан жылжуы сияқты ауыр асқынулар тіркелген.
АҚШ-тың Азық-түлік және дәрі-дәрмек сапасын бақылау басқармасының (FDA) зерттеушілері осындай жанама әсерлерді зерттеп, препараттың әлі қалыптасу үстіндегі қаңқаға уытты әсер етуі мүмкін екенін ескертті.
Мамандардың айтуынша, эрдафитинибтің дені сау жасөспірімдердің бойын ұзартудағы қауіпсіздігі мен тиімділігі дәлелденбеген.