Бір аптада 1686 әкімшілік құқық бұзушылық анықталды

Polisia.kz

Қызылорда облысында полицейлер бейнекамералар көмегімен 1686 құқық бұзушылықтың жолын кесті 

Қоғамдық тәртіпті сақтау, қылмыс пен құқық бұзушылықтардың алдын алу, сондай-ақ жол-көлік оқиғаларына жол бермеу – полиция қызметінің басым бағыттарының бірі. Осы мақсатта Қызылорда облысы полиция департаментінің жедел басқару орталығы бейнебақылау камералары арқылы өңірдегі ахуалды тәулік бойы бақылауда, деп хабарлайды Astana TV.

Заманауи бейнебақылау жүйелері құқық бұзушылықтарды дер кезінде анықтап қана қоймай, қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге де мүмкіндік береді. Мәселен, бір апта ішінде орталықтың бейнекамераларының көмегімен 1686 әкімшілік құқық бұзушылық анықталды. Сонымен қатар “Таза Қазақстан” аясында қоғамдық орындарды ластаудың 110 дерегі және абаттандыру қағидаларын бұзудың 25 дерегі тіркелді. Аталған құқық бұзушылықтар бойынша тиісті материалдар сотқа жолданды. Жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету бағытында да жүйелі жұмыстар жүргізілуде. Атап айтқанда, бір апта көлемінде жол қозғалысы қағидаларын бұзған 1358 азамат әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Оның ішінде жол ережесін өрескел бұзған жүргізушілердің автокөліктері айып тұрағына қойылды. Сондай-ақ 6-7 қараша күндері алкогольдік масаң күйде көлік басқарған Chevrolet Cobalt және Audi автокөліктердің жүргізушілері анықталып, соттың шешімімен әкімшілік қамаққа алынды. Бұл көрсеткіштер қоғамдық тәртіп пен жол қауіпсіздігін қамтамасыз етуде бейнебақылау жүйелерінің маңызын көрсетеді. Дегенмен қауіпсіздік тек полицияның бақылауына ғана емес, әрбір азаматтың жауапкершілігіне де байланысты. Осы ретте полиция қызметкерлері тұрғындар мен қала қонақтарын қоғамдық орындардың тазалығын сақтауға, жол қозғалысы қағидаларын бұзбауға, көлік құралын масаң күйде басқармауға және өзге де құқық бұзушылықтарға жол бермеуге шақырады.