Жоғалып кеткен алты жасар бала табылды

Polisia.kz

Қызылордада полицейлер жоғалған 6 жасар баланы аман-есен тапты

Кешкі уақытта Қызылорда қаласының полициясына 6 жасар қыз баланың жоғалып кеткенітуралы хабарлама келіп түскен. Түн жамылып баласын іздеп сабылған ата-анаға көмекке тәртіп сақшылары келді, деп хабарлайды Astana TV.

Хабарды алған бойда патрульдік полиция батальонының қызмет инспекторы Заңғар Нұрадинов пен ювеналды полиция инспекторы Дамир Ахметулла шұғыл іздестіру жұмыстарын ұйымдастырды.

Полицейлер аула аумақтарын мұқият аралап, баланың жүрген жерін анықтау үшін барлық қажетті шараны қабылдады. Іздестіру барысында тәртіп сақшылары дауыс күшейткіш құрылғыны пайдаланып, қыз баланың аты-жөнін атап, тұрғындардан көмек сұрады.

Анықталғандай, бүлдіршін далада ойнап жүріп, байқамай үйінен біршама қашықтап кеткен. Жедел іздестіру шараларының нәтижесінде қыз бала қысқа уақыт ішінде аман-есен табылып, анасына тапсырылды.

Баласының дін аман табылғанына қуанған ана полиция қызметкерлеріне жедел әрекеті мен жауапкершілігі үшін алғысын білдірді.