Ақын әрі айтыскер Надежда Лушникова өмірден өтті

Фото: әлеуметтік желі

Қазақстанның белгілі ақыны, айтыскер Надежда Лушникова 86 жасқа қараған шағында дүниеден өтті. Қаралы хабарды Қазақстан Жазушылар одағы жариялады, деп хабарлайды Astana TV.

Надежда Лушникова 1940 жылы 22 қарашада Алматы облысы Қаскелең ауданының Шамалған ауылында дүниеге келген. Қазақы ортада өсіп, қазақ тілінде білім алған ол бар ғұмырын әдебиет пен ақындық өнерге арнады.

1961 жылы Мәншүк Мәметова атындағы Қызылорда педагогикалық училищесін, ал 1969 жылы Абай атындағы Қазақ педагогикалық институтының филология факультетін қазақ бөлімі бойынша тәмамдаған.

Ақынның шығармашылық жолында айтыс өнерінің орны ерекше болды. Ол 1963 жылы Қызылордада өткен облыстық айтысқа қатысып, жүлделі орынға ие болды. Сол жолы Шымкенттен келген ақын Қалдыбек Әлікұловпен сөз сайысына түсті. Бұл айтыс таспаға түсіріліп, режиссер Т. Дүйсебаевтың «Айтыс» фильміне енген.

Надежда Лушникова кейінгі жылдары да ақындар айтысына белсене қатысты. 1965 және 1978 жылдары Жамбыл ауданында, 1977 және 1979 жылдары Алматы облысында өткен айтыстарда өнер көрсетіп, жеңімпаз атанды.

Әдебиетке сіңірген еңбегі

1963-1985 жылдары газетте әдеби қызметкер, баспада редактор, мектепте мұғалім болып еңбек етті. 1985 жылы Жамбыл ауданындағы Үмбетбай Кәрібаев музейінің директоры болып тағайындалды.

Ақынның алғашқы өлеңдері 1958 жылы Қызылорда облыстық «Ленин жолы» газетінде жарық көрді. Кейін «Елім менің» (1962) және «Көңіл хошы» (1970) атты жыр жинақтары оқырманға жол тартты. Екінші кітабы үшін Қазақстан комсомолы сыйлығына ие болды.

Надежда Лушникованың шығармашылық мұрасы қазақ әдебиеті мен айтыс өнерінің тарихында өзіндік орын алады.