Жазғы дөңгелекпен жүргендерге 86 мың теңгеге дейін айыппұл салынады

Фото: freepik.com

Қазақстанда жүргізушілерге қысқы дөңгелекке ауысу ескертілді. Ақмола облысында екі күн ішінде жазғы шинамен жүрген 744-тен астам көлікті республикалық тасжолдарға жібермей, кері қайтарған, деп хабарлайды Astana TV.

Ішкі істер министрлігінің мәліметінше, 8-9 қарашада Астана – Щучинск, Астана – Шідерті – Павлодар және Көкшетау – Атбасар тасжолдарының кей учаскелерінде жазғы дөңгелекпен жүруге уақытша шектеу қойылды.

Синоптиктер Ақмола, Ақтөбе, Маңғыстау және Солтүстік Қазақстан облыстарында қар мен жаңбыр жауып, көктайғақ болуы мүмкін екенін ескертті. Полицейлер жүргізушілерді жылдамдықты азайтып, арақашықтықты сақтауға шақырды. Жол жағдайын 1403 нөмірі арқылы білуге болады.

Қысқы кезеңде жазғы шинамен жүргендерге 21 625 теңгеден 86 500 теңгеге дейін айыппұл салынуы мүмкін.

Сонымен қатар 9 қарашадан бастап Алматы – Қорғас, Қарағанды – Бурылбайтал және Қызылорда – Арал тасжолдарының алты учаскесінде орташа жылдамдықты бақылайтын жүйе іске қосылады. Жылдамдықты асырғандарға 21 625 теңгеден 86 500 теңгеге дейін, қайталанған жағдайда 129 750 теңгеге дейін айыппұл қарастырылған.