Президент Құрылтайдағы «Әділет» фракциясының депутаты Айсұлу Сүлейменованың жетістігін ерекше атап өтті

Фото: Ақорда

Мемлекет басшысы спорт саласындағы жетістіктерге тоқталып, Құрылтайдағы «Әділет» фракциясының депутаты, параспортшы Айсұлу Сүлейменованың қайсарлығы мен табандылығын жоғары бағалады, деп хабарлайды Astana TV.

Президент Параойындарда 100 метрге жүгіруден Азия рекордын орнатқан Айсұлу Сүлейменованың жетістігін ерекше атап өтті. Мемлекет басшысының айтуынша, ол өмірдің түрлі сынақтарына мойымай, алға ұмтылуымен көпшілікке үлгі болып жүр.

«Айсұлу Сүлейменова қайсар мінезімен, мұқалмас жігерімен ерекшеленген қазақ қыздарының дәстүрін лайықты жалғастырып келеді. Өмірде қаншама қиындық көрсе де, ешқашан мойыған емес. Үнемі алға ұмтылып, көпшілікке үлгі көрсетіп жүр. Бүгінде Құрылтай депутаты ретінде азаматтық борышын адал атқарып, ел игілігі үшін еңбек етуде», – деді Президент.

Мемлекет басшысы параспортшылардың жетістігі тек спорттық нәтижемен өлшенбейтінін, олардың табандылығы мен ерік-жігері ерекше құрметке лайық екенін жеткізді.

«Қазақта «Күш – білекте емес, жүректе» деген мақал бар. Расында, биік мақсат пен қайсар мінез ұштасқанда бағынбайтын белес болмайды. Сондықтан параспортшылардың жанқиярлығы мен мақсатқа ұмтылысы ерекше құрметке лайық», – деді Мемлекет басшысы.

Президент елімізде спортты дамытуға тұрақты көңіл бөлініп отырғанын да айтты. Өткен жылы «Дене шынықтыру және спорт туралы» заңға маңызды өзгерістер енгізіліп, басымдық берілетін спорт түрлерінің тізімі бекітілген.

Соңғы бес жылда Қазақстанда спорт саласын дамытуға 616 миллиард теңгеден астам қаржы бөлінген.

Мемлекет басшысының айтуынша, қабылданған шаралар өз нәтижесін беріп жатыр. Қазақстандық спортшылар халықаралық жарыстарда жоғары жетістіктерге жетіп, еліміздің абыройын арттыруға үлес қосуда.

Президенттің Айсұлу Сүлейменованы ерекше атап өтуі оның спорттағы жетістігімен қатар, қоғамдық қызметіне де берілген жоғары баға болды.