БҚО-да краншының өліміне қатысты қылмыстық іс қозғалды

Батыс Қазақстан облысында құлаған кранның астында жаншылып қаза тапқан машинистің өліміне қатысты қылмыстық іс қозғалды. Қайғылы оқиға облыстың Бәйтерек ауданындағы Мичурин ауылында болған. Көпқабатты тұрғын үйді салып жатқан мұнаралы кран кенеттен құлап, 62 жастағы машинист көз жұмды. Қазір оқиға орнында арнайы комиссия жұмыс істеп жатыр. Еңбек департаментінің дерегінше, биыл өндірістік жарақат алу дерегі 48% өскен: 8 адам қаза тауып, 50 азамат зардап шегіпті. Қайғылы оқиғалар көбіне денсаулық сақтау және энергетика саласында тіркеледі екен. 

ЕРБОЛ НАЙЗАБЕКОВ, ҚР ЕХӘҚМ ЕҢБЕК ИНСПЕКЦИЯСЫ КОМИТЕТІНІҢ БҚОД БӨЛІМ БАСШЫСЫ:

Арнайы тергеп-тексеру барысында жазатайым оқиғаның мән-жайлары мен себептері анықталып, еңбекті қорғау және еңбек қауіпсіздігі талаптарының сақталуына баға беріледі. Арнайы тергеп-тексеру аяқталғанға дейін кранның құлау себептері мен нақты тұлғалардың жауапкершілігіне қорытынды беруге ерте. Қосымша ақпарат тергеп-тексеру нәтижелері бойынша ұсынылады.