Тәуелсіздік алған 35 жылда халық саны 4 миллионға көбейді

Елде халық саны артып келеді. Тәуелсіздік алған 35 жылда 4 миллион тұрғын қатарға қосылды. Қазір қазақ жерінде 20 миллион 600 мыңнан аса адам тұрады. Бұл, әрине, қуантарлық жайт. Бірақ осы азаматтардың барлығы мемлекеттік қызметке уақытылы қол жеткізіп жүр ме? Инфрақұрылым сұранысқа сай дамып жатыр ма? Тақырыпты әріптесім Аружан Задабек қаузады.

АРУЖАН ЗАДАБЕК, ТІЛШІ:

Қазақстан тәуелсіздігін жариялаған тұста ел халқының саны 16 миллионнан сәл асатын. Сол жылы дүниеге келген ұрпақ бүгінде 35 жасқа толды. Қазір олар – ата-ана, маман, қоғамның белсенді мүшесі. Тәуелсіздәк құрдастарымен бірге тұтас ел де өсті. Қазақстан халқы қазір 20 миллионнан асты. Бір ұрпақ өсіп-жетілген кезеңде елдің демографиялық келбеті де өзгерді.

Соңғы 35 жылда елдің әлеуметтік келбеті айтарлықтай өзгерді. Халық саны, өмір сүру ұзақтығы артты. Дегенмен, адам саны азаттық ала сала «алқым алған» жоқ. Әлеуметтік-экономикалық қиындықтар мен көші-қон салдарынан біраз азайып, 2002 жылдың басында 14 миллионға дейін төмендеді. 2005 жылдары қайта жанданып, 15 миллионға жеттік. Осылай 2021-ге дейін жыл сайын миллион тұрғын қатарымызға қосылды. Сөйтіп, 2024 жылы 20 миллион – мерейлі межені тойлаттық. 

АЯУЛЫМ САҒЫНБАЕВА, ДЕМОГРАФИЯЛЫҚ ПРОЦЕСТЕРДІ ТАЛДАУ ЖӘНЕ БОЛҒАУ ОРТАЛЫҒЫНЫҢ ДИРЕКТОРЫ:

Пандемия кезі халықтың туу деңгейінің төмендеуі, ажырасудың жоғарылауы, өлім-жітімнің көбеюімен теңгерілетін болса, Қазақстанда керісінше. Бұл жылдары ажырасу деңгейі төмендеді, некеге тұру көбейді, бала саны өсті, коэффициент 3,3 тең болды. Бұл дегеніміз Қазақстанның демографиялық тарихында болмаған жайт болып отыр. 

«Ел қайда көшсе, ырыс сонда көшеді» деген тұжырым әлемде де кездеседі. Мәселен, Оңтүстік Корея. Елдегі 50 миллионға жуық халықтың 25 миллионнан астамы Сеул қаласында мекендейді. 

ШЫНАР ТӨЛЕШОВА, ДЕМОГРАФ:

Қазақстанда қазір интенсивті түрде уранизация жүріп жатыр. Бұл – заңдылық. Өйткені әлем елдерінің бәрі осы кезеңнен өтті. Үлкен қалалара көшу белең лып бара жатыр. Моно қалалар, шағын қалаларда халық саны азайып жатыр. Әсіресе Солтүстік, Қарағанды облысында моно қалалар көп. 

Халық санының өсуімен бірге жаңа мектеп, медициналық ұйым, тұрғын үйлер мен әлеуметтік нысандарға деген сұраныс та артты. Соған сай инфрақұрылым жанданып келеді. 1994 жылы Қазақстанда 2,3 миллион шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілсе, 2024 жылы бұл көрсеткіш 19,1 миллионға жетті. Жаңа білім ордасы, аурухана мен балабақша да бой көтеріп келеді. Әрине, тапшылық мүлде жоқ деуге келмейді. Кезек кезеңімен жұмыс жүріп жатыр. Оның үстіне жақында «Халықтық құрылыс» жобасы қолға алынды. 

НҰРЛЫБЕК НӘЛІБАЕВ, ҚР ПРЕМЬЕР-МИНИСТРІНІҢ БІРІНШІ ОРЫНБАСАРЫ:

Оның аясында республика бойынша құрылыс көлемі одан әрі арта түседі. Құрылысы жүріп жатқан нысандардың сапасы мен қауіпсіздігін қамтамасыз етуге ерекше назар аударылады. Қаражаттың жұмсалуына қоғамдық бақылауды қамтамасыз ету мақсатында «Халықтық құрылыс» жөніндегі мемлекеттік комиссия құрылады.

Халық санының өсуі – ел экономикасы үшін әрі мүмкіндік, әрі жаңа міндет. Тұрғын көбейген сайын еңбек нарығына түсетін жүктеме артады, тауар мен қызметке сұраныс ұлғаяды.

САПАРБАЙ ЖҰБАЕВ, ЭКОНОМИСТ:

Қазақстан индустриалды түрде өсті. Яғни шикізатқа басымдылығымыз азайып, мұнай, газ, тау-кен өнеркәсібі бар болғаны 12 пайыз. Ал қалғаны өндеуші өнеркәсіптік өсімдер болып жатыр. Халықтың өсімі мен экономиканың өсімін қазір қанағаттандырарлық, одан да жақсырақ алып бара жатырмыз деп айтсақ болады. 

АРУЖАН ЗАДАБЕК, ТІЛШІ:

Қала үлкейсе, ел өсті дейміз. Бірақ қаладағы ғимараттардың биіктігі мен халық санының көбеюі – дамудың жалғыз өлшемі емес. 35 жылда халықтың сұранысы да өзгерді. Біріне мектеп керек, біріне баспана, енді біріне медициналық көмек. Демек, халықтың өсуімен бірге мемлекеттің мүмкіндігі де өсуі керек. Өйткені демографиялық өсімнің ең үлкен нәтижесі – миллиондармен саналатын тұрғын емес, сол миллиондардың әрқайсысына жасалған жағдай. Ел дамуының шынайы өлшемі де – осы.