Ордабасы ауданының орталығында заманауи спорт кешені салынып жатыр

Түркістан облысының Ордабасы ауданында заманауи спорт кешені салынып жатыр. Аудан орталығы Темірлан ауылында бой көтеріп жатқан жабық бассейн мен теннис кортының құрылысына бюджеттен 1 млрд 200 млн теңге бөлінген. Кешенде ұзындығы - 25, ені - 15 метрлік жабық бассейн салынуда. Мамандар төрт жолақты жүзу алаңынан бөлек, ерекше қажеттілігі бар азаматтарға да суға түсіп, емдік шараларын алуға мүмкіндік жасалатынын айтады. Мұнда киім ауыстыру және жуыну бөлмелері секілді барлық қажеттілік қарастырылған. Кешеннің екінші ғимараты теннис кортына арналған. Мұнда халықаралық теннис федерациясының ережелеріне сай жекелей және жұптық ойындардан сайыс өткізуге мүмкіндік туады. Ал ғимараттың алдында ашық теннис алаңы ашылады. 

ӘБУТӘЛІП ТОҚТАҒҰЛОВ, ТЕМІРЛАН АУЫЛЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:

Немерелерім мектепте қатысып жүрген спортпен шұғылданып, екеуі папасымен қаладағы жүзу бассейініне барып келеді абонементпен. Ендігі жылы осы кешен бітетін болса, жақын жерден керемет болайын деп тұр. Осы жерден жүзіп, үйге барып, келіп тұрады. Елдің барлығы осы балаларымыз қатысса, осы жерге келіп, спортпен шұғылданса бос уақыттарын бекерге өткізбей, керемет болатын еді.

Айта кетейік, Түркістан облысында 3 595 спорт нысаны бар болса, оның 20-ы – теннис корты, 20-ы – жүзу бассейні. Басым бөлігі Түркістан қаласында орналасқан. Енді ауыл спортын дамытуға басымдық берілмек.

ОЛЖАС БОЛАТХАНҰЛЫ,  ОРДАБАСЫ АУДАНЫ ӘКІМІНІҢ ОРЫНБАСАРЫ: 

Бұл біздің аудан үшін үлкен серпін беретін жобаның бірі. Бізде қазір кезең кезеңімен алдыңғы жылдары спорттық нысандар салынды, футбол алаңдары, күреспен, бокспен айналысатын спорт нысандары. Қазіргі таңда бассейн м ен теннис корты ауданымызда алғашқы нысаннның бірі. Бұл құдай қаласса келесі жылы пайдалануға бергенде ауылымыздың тұрғындарының спортпен шұғылдануына, оның ішінде жаңа спорт дейміз ғой аудан үшін , бассейн, теннис сияқты толық  мүмкіншілік беретін болады.