SCAT ұшақтың Астанаға шұғыл қону себебін түсіндіріп, жолаушылардан кешірім сұрады.
Мәскеуден Алматыға бағыт алған SCAT әуе компаниясының ұшағы Астанада шұғыл қонуға мәжбүр болды, деп хабарлайды Astana TV.
Ақпаратты әуе компаниясының баспасөз қызметі растады.
Мәскеу – Алматы бағытындағы рейстің жолаушысы болған әйел оқиға туралы әлеуметтік желіде жазба жариялаған. Оның айтуынша, жолаушылар қатты қорқып қалған. Ал ұшақ жерге қонғаннан кейін де біраз уақыт бойы не болып жатқанынан хабарсыз отырған.
Бұл штаттан тыс жағдай екенін және борттағы барлығымыздың қатты қорыққанымызды түсінемін. Бірақ жолаушыларға неге тіпті су да ұсынбады? Біз шу шығарғанға дейін қорқып, абдырап қалған жолаушыларды сусыз, тамақсыз, ең бастысы, ешқандай ақпарат бермей, күтуге мәжбүр етті, – деп жазды әйел.
SCAT әуе компаниясы ұшақтың шұғыл қонғанын растап, жолаушылардан кешірім сұрады. Компания өкілдері ауызсуды жеткізуді бөлек ұйымдастыруға тура келгендіктен, жолаушылардың күтуіне себеп болғанын түсіндірді.
Мәскеу – Алматы бағыты бойынша рейсті орындау кезінде борттық жүйенің индикациясы іске қосылды. Экипаж Астана қаласындағы базалық әуежайға қону туралы шешім қабылдады. Ұшақ штаттық режимде қонды. Жолаушыларды Алматыға жеткізу үшін әуе компаниясы қосалқы ұшақ бөлді. Оның келуін күту кезінде жолаушыларға салқын сусындар ұсынылды, – деп жауап берді әуе компаниясы.