«Қауіпсіз үй»: Астанада полиция 26 мыңнан астам үйдің қауіпсіздігін тексерді

Фото: Астана әкімдігі

Астанада соңғы бір айда «Қауіпсіз үй» республикалық профилактикалық іс-шарасы өтті, деп хабарлайды Astana TV.

Акцияның негізгі мақсаты – тұрғын үй секторындағы құқық бұзушылықтардың алдын алу, азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету, проблемалық мекенжайларды анықтау және полицияның тұрғындармен өзара байланысын нығайту.

Астана қаласының Полиция департаменті Қоғамдық қауіпсіздік басқармасының бастығы Марат Өмірбаевтің айтуынша, іс-шара аясында полиция қызметкерлері көпқабатты тұрғын үйлерді, жатақханаларды, жалға берілетін пәтерлерді және қараусыз қалған нысандарды аралап, тексеру жұмыстарын жүргізді. Жалпы, тұрғын үй секторының 26 мыңнан астам нысаны қамтылды.

Жүргізілген жұмыстардың нәтижесінде:

•    20 мың пәтер және 2 мыңнан астам жеке тұрғын үй тексерілді;

•    жалға берілетін тұрғын үйдің 887 нысаны анықталды;

•    1 000-нан астам проблемалық мекенжай пысықталды;

•    тұрғындармен 400 кездесу өткізілді;

•    586 қараусыз қалған нысан анықталды;

•    мемлекеттік органдарға 806 ұсыным мен ақпарат жолданды.

Сонымен қатар тұрмыстық және мүліктік қылмыстардың алдын алуға, профилактикалық есепте тұрған және бұрын сотталған адамдарды тексеруге,  сондай-ақ қоғамдық орындардағы құқық бұзушылықтардың жолын кесуге ерекше назар аударылды.

Іс-шара барысында халықпен өзара байланысты нығайтуға да басымдық берілді. Тұрғын үйлердің кіреберістері мен ортақ чаттарда QR-кодтар орналастырылды.

Олардың көмегімен тұрғындар аулалар мен тұрғын аумақтардың қауіпсіздігін жақсарту жөнінде ұсыныстар жолдап, құқық бұзушылықтар мен проблемалық учаскелер туралы хабарлай алады.

«Аталған профилактикалық іс-шара полиция қызметкерлерінің тұрғындармен байланысын нығайтуға, проблемалық мекенжайларды анықтауға және тұрғын үй секторындағы қауіпсіздік мәселелерін жүйелі түрде шешуге мүмкіндік берді.

Полиция департаменті елорда тұрғындарын қоғамдық тәртіпті сақтауға және қауіпсіздік мәселелеріне бейжай қарамауға шақырады. Аулалар мен тұрғын үйлердегі проблемалық жағдайлар бойынша азаматтар өздерінің учаскелік полиция инспекторларына жүгіне алады. Олардың өзекті байланыс деректері мен телефон нөмірлері үй чаттарында орналастырылған ақпараттық парақтарда көрсетілген.

Қауіпсіз орта қалыптастыру – ортақ міндет. Тұрғындар мен полицияның бірлескен жұмысы арқылы ғана аулалар мен тұрғын үйлердегі қоғамдық тәртіп пен қауіпсіздікті қамтамасыз етуге болады», – дейді Марат Өмірбаев.