Электр желілері тозған, көмір қоры аз: қыстан қалай шығамыз?

Қақаған қыс тағы бүрсең қақтыруы мүмкін. Өткен ғасырда салынған жылу орталықтарының мәселесі биыл да шешімін таппады. Қазір 5 өңір қызыл аймақта. Көмір тапшылығы тағы бар. Әбден тоз тозы шыққан электр желілері де жұртты алаңдатып отыр. Қазірдің өзінде өңір-өңірде шағымын арқалаған ағайын көп. Осыған қарамастан Энергетика министрі «сақадай саймыз» деп мәлімдеме жасады. Сонда кім өтірік айтып отыр? Мәселені шешуге бөлінген 975 миллиард теңге қайда кетті? Үкімет отырысынан Аружан Задабек тарқатады. 

АРУЖАН ЗАДАБЕК, ТІЛШІ:

«Қыстың қамын жаз ойла» дейді қазақ. Біз де жаз бойы ойландық: қазандықтарды жөндедік, құбырларды жаңарттық, миллиардтаған қаржы бөлдік. Министрлік суыққа сақадай саймыз деп отыр. Былтыр да солай айтылған. Бірақ қателік қайта сүт бетінде қалқыды. Өңірлерде қазандықтар істен шығып, жылу желілері сыр берді. Ал биыл ше?

 Ал биыл бәрі мінсіз дейді министр. Солай болуы да керек. Өйткені осы жылы энергетикалық нысандарды жөндеуге қомақты қаржы бөлінді. 


ЕРЛАН АҚКЕНЖЕНОВ, ҚР ЭНЕРГЕТИКА МИНИСТРІ:

Өңірлік электр желілерінде жалпы ұзіндігі  17,1 мың шақырым электр беру желілері мен 444 қосалқы станса жөндеу жұмыстары немесе жоспардың 100 пайызы аяқталды. 

Министр мәлімдемесінде мін жоқ. Тірліктің бәрі қағазға түскен тезистей тап-тұйнақтай болса халық та алаңсыз. Бірақ бар мәселе осында. Сала басшысы бәрі бақылауда десе, Премьер-министр Ақтау, Павлодар және Петропавл тұрғындарынан жылу сапасына, тіпті жылудың жоқтығына қатысты шағым түскенін айтты. Көмір қамы да толық шешілмеген. Биыл халық пен коммуналдық секторға 7 миллион 300 мың тонна отын қажет. Әзірге оның 4 миллион 500 мыңы ғана дайын.

ОЛЖАС БЕКТЕНОВ, ҚР ПРЕМЬЕР-МИНИСТРІ:

Өңір әкімдеріне жылу беру маусымына жауапты өңірлік штабтардың жұмысын күшейтіп, халықтың арыз-шағымдарына жедел әрекет етуді тапсырамын. 

Жылыту маусымы басталған айналдырған бір айдың ішінде тұрғын үй секторында 600-ге жуық өрт тіркелген. Арасында тілсіз жаудан тіл қатпай кеткендер бар. Қайғылы жағдайға көбіне электр құрылғылары мен пешті дұрыс пайдаланбау себеп болған. Жауаптылардың жауапсыздығы да талай тағдырды талқандап үлгерді. Мәселен, елде 350 мыңға жуық тұрмыстық газ баллоны 40-50 жылдан бері пайдаланылып келеді. Оларды ауыстыру әңгімесі жылда көтерілгенімен қайта жауапсыз қалады. 

МҰРАТ МҰХАНОВ, ҚР ТӨТЕНШЕ ЖАҒДАЙЛАР МИНИСТРІ:

Қазіргі уақытта Көкшетау қаласында болат газ баллондарын өндіретін зауыт жұмыс істейді, Қосымша Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі Атырау және Алматы қалаларында композиттік баллондар өндірісін іске қосу мәселесін пысықтауда.

Қазір 5 өңір қызыл аймақта. Тозығы жеткен жылу орталықтары Теміртау, Тараз, Семей, Орал және Ақтау қаласында орналасқан. Энергетика министрі бұл аймақтардың мәселесі келесі жылға дейін шешіледі деп уәде берді. Хош, бұл алдағы күннің еншісіндегі шаруа. Үкімет дәл бүгін шешуі тиіс өзге де тақырып көп. Мәселен биыл электр энергиясын тұтыну рекордтық деңгейге жетуі мүмкін. Ал оған Қазақстанның дайын ба? Әзірге сұрақ жауапсыз.

АРУЖАН ЗАДАБЕК, ТІЛШІ:

Жылдағы сценарий осы. Миллиардтар бөлінеді, жөндеу жүргізіледі, есеп тапсырылады. Бірақ тұрғындарға мінсіз мәлімет емес, жылу керек. Министрлікке маусымның штаттық режимде өтуі шарт болса, халыққа үйінің суымай, жарығының сөнбей, пешінен қауіп төнбеуі маңызды. Не болса да дайындықтың көрсеткіші аяз күшейгенде, желіге салмақ түскенде белгілі болады.