Өңірлерде азаматтық қоғам өкілдері Президент Жолдауын талқылап жатыр

  • AstanaTV
  • 10 қараша 2026

"Әділет" партиясының ұйытқы болуымен Президент Жолдауы елдің әр өңірінде еңбек ұжымдары, қоғамдық ұйым өкілдерінің қатысуымен талқылауда. Мәселен, Алматы облысында түйе шаруашылығы өкілдері құжаттың негізгі бағыттарын сараласа, Оралда үкіметтік емес ұйым мүшелері білім, инклюзия және ардагерлер мәселелеріне басымдық берді. Ал Шахтинск қаласында «Әділет» партиясының өкілдері «Тентек» шахтасының кеншілерімен кездесті. 

Батыстағы бұл жолғы талқылау ерекше форматта өтті. Қатысушылар Жолдаудағы міндеттерді киіз үйдің шаңырағы, уығы мен керегесіне балап, әрқайсысының мән-маңызына тоқталды. Осылайша экономика, инфрақұрылым және денсаулық сақтау салаларындағы басымдықтар кеңінен сөз болды. Жиынға қатысушылар Жолдауда белгіленген міндеттерді жүзеге асыруға үкіметтік емес ұйымдар да белсенді атсалысуы қажет деген ортақ пікірге келді.

ӘЛИМА ДҮЙІСМАҒАНБЕТОВА,  "ӘДІЛЕТ" ПАРТИЯСЫ БҚОФ САЯСИ КЕҢЕС МҮШЕСІ:

Жолдаудағы білім-ғылым, жасанды интеллект тұстарына қатысты, жастарға берілетін мүмкіндіктерге қатысты, жаңадан салынатын тірек мектептер, смарт-лабораторияларға қатысты жаңалықтардың барлығын жақсы қабылдадым. Қазіргі заманға сай жасанды интеллектінің түрлі байқаулары, түрлі оқулары жүреді деді бұл жобада. Яғни мұның барлығы өскелең ұрпаққа жан-жақты өзінің кәсіби дағдыларын шыңдауға көмектеседі деген ойдамын.

Алматы облысының Ақши ауылында «Әділет» партиясының өкілдері жергілікті тұрғындармен және ауыл шаруашылығы саласының мамандарымен кездесті. Жиында аграрлық сектордың өзекті мәселелері талқыланды. Әсіресе еңбек өнімділігін арттыру, ауыл кәсіпкерлігін қолдау бағыттарына назар аударылды.

ДАНИЯР ҚАСҚАРАУОВ, «ӘДІЛЕТ» ПАРТИЯСЫ АЛМАТЫ ОБЛЫСТЫҚ ФИЛИАЛЫНЫҢ БАСШЫСЫ:

Алдағы үш жылда қай бағытта дамимыз, қандай қаражаттар бөлінеді, қай салаларға терең көңіл бөлінеді, осы келіп, қазір халыққа соны біз тереңірек түсіндіріп, халық білсін, қандай жұмыстар атқарылып жатыр, қайда бара жатырмыз, қандай мүмкіндіктер бар: үлкен кісілерге, жастарға қандай мүмкіндіктер бар, кәсіппен айналысам деген ауылда, енді ауыл шаруашылығымен айналысатын азаматтарға.

Бұл ел болашағы мен өңірдің дамуы жөніндегі ашық диалог болды. Кездесу барысында партия өкілдері экономиканы дамыту, халықты қолдау бағдарламалары, өнеркәсіп кәсіпорындарын жаңғырту жайын сөз қылды. Бұл тақырыптар кеншілер үшін өте маңызды. Өйткені экономикалық көрсеткіштердің артында еңбек жағдайы, өндірістегі қауіпсіздік, жұмыспен қамту тұрақтылығы мен отбасылардың әл-ауқаты тұр. 

ШАХМАРАЛ ҚАБЫЛОВА, ҚОҒАМ ҚАЙРАТКЕРІ:

“Президенттің жыл сайынғы жолдауын бүкіл Қарағанды облысының тұрғындары, мемлекеттік мекемелер де талқылауда. Бірақ сол жолдауда айтылған басты бағыттарды айқындау керек деп ойлаймын. Сондықтан да біз бүгін мынау жұмыскерлердің алдында өзіміздің қалай жолдауды түсінуіміз керек, бұны біз қалай орындауымыз керек президенттің жолдауын сол туралы біз бүгін әңгіме құрдық шахтерлармен”.

Мұндай кездесулер Жолдаудың негізгі бағыттарын түсіндірумен қатар, оны жүзеге асыруға атсалысатын азаматтардың ұсыныс-пікірін тыңдауға мүмкіндік береді.