Түркістан облысында әлеуметтік желіде өзгені балағаттаған тұрғын айыппұл арқалады

Фото: pixabay

Әлеуметтік желіде тікелей эфирге шығып, өзгенің ар-намысына тиетін сөз айтқандар заң алдында жауап береді, деп хабарлайды Astana TV.

Мұндай құқыққа қайшы әрекеттер полицияның назарынан тыс қалмайды.

Мәселен, Ордабасы ауданының 25 жастағы тұрғыны TikTok әлеуметтік желісіндегі тікелей эфир барысында өзіне бейтаныс азаматты балағаттап, оның ар-намысына тиген.

Аталған дерек бойынша полиция қызметкерлері тиісті шаралар қабылдап, құқық бұзушының жеке басын анықтап, полиция бөліміне жеткізді. Оған қатысты жинақталған іс құжаттары сотқа жолданды.

Сот қаулысымен азамат кінәлі деп танылып, қоғамдық орында былапыт сөйлеп, өзгені қорлағаны үшін айыппұл салынды.

Полиция әлеуметтік желі қолданушыларын әдеп нормаларын қатаң сақтауға шақырады. Экранның ар жағында отырып айтылған әрбір сөз үшін де жауап беруге тура келеді.