Transfermarkt порталы Криштиану Роналдудың ресми статистикасынан алты голын алып тастады. Соның салдарынан португалиялық шабуылшының мансабындағы голдар саны 985 емес, 979 болып көрсетілді, деп хабарлайды Astana TV. 1Бол!-ға сілтеме жасап.
Портал 2023 жылы «Әл-Наср» сапында Араб клубтары чемпиондары кубогында соққан алты голды есепке алмау туралы шешім қабылдаған. Transfermarkt түсіндіруінше, аталған турнирді ФИФА-ға да, Азия және Африка футбол конфедерацияларына да мүше емес UAFA ұйымы өткізген. Сондықтан бұл жарыстағы матчтар мен голдар ресми бәсекелер статистикасына енгізілмейді.
Transfermarkt мәліметі бойынша, Роналдудың клубтық деңгейдегі голдары – 833, Португалия құрамасындағы голдары – 146. Жалпы көрсеткіші – 979.
Дегенмен басқа статистикалық дереккөздер мен футболшының өзі оның еншісінде 985 гол бар екенін көрсетіп отыр. Айта кетейік, Transfermarkt «Әл-Файзали» қақпасына соғылған бір голды Роналдудың есебінде қалдырған. Ал FlashScore порталы бұл допты автогол ретінде тіркеген.
Осылайша, Роналдудың мансабындағы 1000 гол межесіне жету үшін қанша доп соғуы керектігі дереккөздердің есебіне қарай өзгеріп отыр. Transfermarkt статистикасы бойынша оған тағы 21 гол қажет болса, 985 голды есептейтін дереккөздер бойынша 15 гол жеткілікті.
41 жастағы шабуылшы қазір Сауд Арабиясының «Әл-Наср» клубында өнер көрсетіп жүр. Португалия құрамасындағы мансабын аяқтағанын мәлімдеген футболшы тарихи межеге клубтық жарыстарда жетуге ұмтылады.