Жамбыл облысы, Қордай ауданына қарасты Қаракемер ауылында оқушылар арасында орын алған бопсалау деректері мен үш жасөспірімнің қайтыс болуына қатысты қылмыстық іс бойынша сотқа дейінгі тергеу аяқталды. Бұл туралы облыс прокуратурасы мәлімдеді, деп хабарлайды Astana TV.
Тергеушілердің анықтауынша, ауыл мектептерінде оқушыларды қорқытып, олардан ақша және басқа да заттар талап етіп келген бейресми топ әрекет еткен. Жиналған айғақтар сол әрекеттер мен үш кәмелетке толмаған баланың өлімі арасында байланыс бар екенін көрсеткен. Қазір бұл топтың қызметі тоқтатылған.
Іс бойынша барлығы жеті адам жауапқа тартылуда. Оның екеуі бопсалау және адамды өз-өзіне қол жұмсауға дейін жеткізу баптары бойынша күдікке ілініп, қамауға алынды. Қалған бес адамға бопсалау фактісі бойынша айып тағылған.