Алматы әуежайында жұмысшының қаза болуына байланысты қылмыстық іс қозғалды
Оқиғаға еңбекті қорғау талаптарының бұзылуы себеп болуы мүмкін. Бұл туралы Astana TV көлік полициясына сілтеме жасап хабарлайды.
«Алматы әуежайындағы желілік полиция басқармасы еңбек қауіпсіздігі талаптарының бұзылуы салдарынан адам өліміне әкеп соққан оқиға бойынша қылмыстық іс қозғады. Қазір оқиғаның мән-жайын толық әрі жан-жақты анықтау үшін тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. Тергеу құпиясына байланысты өзге мәлімет жария етілмейді», – делінген полиция хабарламасында.
Алматы әуежайының баспасөз қызметі де оқиғаға қатысты түсініктеме берді.
«Алматы халықаралық әуежайының ұшу-қону алаңындағы құрылыс жұмыстары жүріп жатқан бөлігінде жазатайым оқиға болды. Салдарынан мердігер ұйымның бір қызметкері зардап шекті. Әуежай құзырлы мемлекеттік органдарға қажетті көмек көрсетіп, тергеу жұмыстарына жәрдемдесіп жатыр. Оқиғаның барлық мән-жайы анықталып, тергеу аяқталғанға дейін қосымша ақпарат бере алмаймыз», – деп хабарлады әуежайдың баспасөз қызметі.
Әуежай өкілдері қаза тапқан азаматтың туған-туыстары мен жақындарына көңіл айтты.