Құрылтайда ғылыми зерттеулерге бизнесті кеңінен тарту ұсынылды

Фото: Құрылтай

Құрылтайдың Цифрландыру, инновациялар және ғылым комитетінің төрағасы, «Әділет» партиясының депутаты Дархан Ахмедиев ғылыми жобаларды қаржыландырудан бастап, нәтижелерін өндіріске енгізуге дейінгі процестерді жетілдіруді ұсынды

Атап айтқанда, ғылыми зерттеулерге бизнесті тарту, ғалымдардың әкімшілік жүктемесін азайту, ғылыми жобаларды цифрландыру және жер қойнауын пайдаланушылардың ғылымға бөлетін қаражатын ашық конкурс арқылы үлестіру ұсынылды, деп хабарлайды Astana TV.

Депутаттың пікірінше, ғылыми зерттеулердің басым бағыттары ел экономикасы мен өндірісінің нақты қажеттіліктеріне сай айқындалуы керек. Әсіресе, қолданбалы зерттеулер мен тәжірибелік-конструкторлық әзірлемелерге қандай мәселені шешетіні, нәтижесі кімге қажет екені және қай салада қолданылатыны алдын ала белгіленуі тиіс.

Осы мақсатта салалық министрліктердің, кәсіпорындар мен ғылыми қауымдастықтың қатысуымен ғылыми-техникалық тапсырмаларды әзірлеу тәртібін жетілдіру ұсынылды. Бизнестің қатысуы жобаның бастапқы кезеңімен шектелмей, сынақтан өткізу мен өндіріске енгізуге дейін жалғасуы қажет. Кәсіпорындар зерттеуге арналған өндірістік алаң ұсынып, әзірлемелерді сынауға және оларды бірлесіп қаржыландыруға қатыса алады.

Сонымен қатар ғылым мен бизнес арасындағы ынтымақтастықтың нақты тетіктерін қалыптастыру қажеттігі айтылды. Онда тараптардың міндеттері, зияткерлік меншік құқығын пайдалану шарттары және кәсіпорындардың ғылыми нәтижелерді өндіріске енгізудегі жауапкершілігі айқындалуы тиіс.

Дархан Ахмедиевтің айтуынша, мұндай тәсіл еңбек өнімділігін арттыруға, өндіріс шығынын азайтуға, ресурстарды үнемдеуге және бәсекеге қабілетті өнім шығаруға мүмкіндік береді.

Ғылыми жұмыстың тиімділігін арттыру үшін қаржыландыру жүйесін де реттеу ұсынылды. Атап айтқанда, ғылыми конкурстардың бірыңғай күнтізбесін енгізіп, өтінім қабылдау, сараптама жүргізу, шешім шығару, келісімшарт жасасу және қаражат аудару мерзімдерін алдын ала белгілеу қажет.

«Ғалымдар конкурс жарияланатын, шешім қабылданатын, шарт жасалатын және қаражат түсетін уақытты алдын ала білуге тиіс. Бұл зерттеулерге уақыт үнемдеуге, сондай-ақ ғылыми ұжымдардың сатып алуы мен жұмысын жоспарлауға мүмкіндік береді», – деді Дархан Ахмедиев.

Бұдан бөлек, ғалымдардың есептілікке жұмсайтын уақытын қысқарту ұсынылды. Ол үшін есеп беру талаптарын қайта қарап, бір мәліметті бірнеше рет сұратуды тоқтату және мемлекеттік органдарда бар деректерді қайта пайдалануды жолға қою қажет. Есептілік көлемі зерттеудің ерекшелігі мен бөлінген қаржыға сәйкес белгіленуі тиіс.

Тағы бір бастама – ғылыми жобаларды өтінім беруден бастап, нәтижесін бағалауға дейін толық цифрландыру. Қазір Ғылым және жоғары білім министрлігі «Қазақстан ғылымы» ақпараттық жүйесін әзірлеп жатыр. Комитет осы жүйеде өтінім беру, сараптама, келісімшарт жасау, қаржыландыру және жобадан кейінгі мониторинг процестерін біріздендіруді ұсынады.

Әр ғылыми жобаға жеке цифрлық тарих қалыптастыру көзделіп отыр. Онда зерттеудің мақсаты, сарапшылардың қорытындысы, қабылданған шешімдер, қаржының жұмсалуы, мерзімдердің өзгеруі және қол жеткізілген нәтижелер тіркеледі. Бұл қайталанатын зерттеулерді анықтауға, қаржы қозғалысын бақылауға және шешім қабылдау барысының ашықтығын қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.

Құрылтайда жер қойнауын пайдаланушылардың ғылымға бөлетін міндетті аударымдарын пайдалану тәртібі де талқыланды. Қолданыстағы талап бойынша, олар өндіріс шығындарының 1 пайызы көлемінде ғылыми-зерттеу және тәжірибелік-конструкторлық жұмыстарға қаражат аударуға тиіс.

Қаржы министрлігінің мәліметінше, биылғы жылдың тоғыз айында осы мақсатқа 4,5 млрд теңге түскен. Комитет бұл қаражатты бөлек есепке алып, ғылыми жобаларға ашық конкурс арқылы бөлуді ұсынып отыр.

Сонымен бірге Ғылым және жоғары білім министрлігіне Қаржы министрлігімен бірлесіп, қаражатты уақтылы бөлуді және жобалардың орындалуын бақылауды үйлестіретін оператор ұйымды анықтау ұсынылды. Мұндай ұйымды таңдағанда қолданыстағы мекемелердің мүмкіндіктері мен әкімшілік шығындар да ескерілуі керек.

Ғылымға бөлінетін қаржы ең алдымен өндіріс пен өңдеудің тиімділігін арттыруға, ресурстарды үнемдеуге, өнеркәсіптік қауіпсіздікті қамтамасыз етуге, экологиялық мәселелерді шешуге және өндірістік процестерді цифрландыруға бағытталуы тиіс.

Комитет аталған бастамаларды іске асырудың кезеңдері мен мерзімдерін, сондай-ақ жауапты органдарды белгілеуді ұсынып отыр. Бұл бағыттағы жұмыстар парламенттік бақылауда болады.