Қазақстанда баламалы энергетиканы дамытуға арналған заң жобасы ұсынылды

Фото: ИнфоТЭК

Құжат күн мен жел энергиясынан бөлек, сутегі энергетикасын, энергия жинақтау жүйелерін және электр нарығындағы жаңа тетіктерді дамытуға жол ашады

Құрылтайда баламалы энергетиканы дамытуға бағытталған заң жобасы қаралды. Құжатта энергетика саласын реттейтін заңнаманы жаңарту, жаңа технологияларға инвестиция тарту және елдің энергетикалық қауіпсіздігін нығайту көзделген, деп хабарлайды Astana TV. 

Заң жобасы бойынша қосымша баяндама жасаған депутат Сұңғат Есімхановтың айтуынша, елімізде электр энергиясына сұраныс жыл сайын артып келеді. Өнеркәсіптің дамуы мен жаңа кәсіпорындардың ашылуы қосымша энергетикалық қуаттарды қажет етеді.

Осыған байланысты қолданыстағы «Жаңартылатын энергия көздерін пайдалануды қолдау туралы» заңның атауын «Баламалы энергетиканы дамыту туралы» деп өзгерту ұсынылып отыр. Сонымен қатар оның қолданылу аясын кеңейтіп, күн мен жел энергиясынан бөлек, сутегі энергетикасын, қалдықтарды энергияға айналдыруды және қалдық жылуды пайдалануды дамыту көзделген.

Заң жобасында атом энергетикасына қатысты ережелер де қарастырылған. Дегенмен бұл саланы реттеу жеке заңнама аясында жүзеге асырылады.

Құжаттағы тағы бір маңызды жаңалық – электр энергиясын жинақтау жүйелерін дамытуға құқықтық негіз қалыптастыру. Бұл әсіресе күн мен жел электр станцияларының жұмысы ауа райына тәуелді болғандықтан, энергия жүйесінің тұрақтылығын сақтауға мүмкіндік береді.

Бұдан бөлек, жаңартылатын энергия өндірушілер мен тұтынушылар арасында тікелей келісімшарт жасау тетігін енгізу ұсынылды. Бұл модель жеке инвестиция тартуға және кәсіпорындарды электр энергиясымен тұрақты қамтамасыз етуге бағытталған.

Заң жобасын талқылау барысында депутаттар бірқатар түзету енгізді. Олар энергия жинақтау жүйелерін дамытуға, көтерме электр энергиясы нарығының жұмысын жетілдіруге және нарыққа жаңадан қосылатын қатысушылардың құқықтары мен міндеттерін нақтылауға қатысты.

Ұсыныстар жұмыс тобының отырыстарында мемлекеттік органдар мен сарапшылардың қатысуымен талқыланды. Заң жобасына енгізілетін түзетулерді пысықтау екінші оқылымға дайындық кезінде жалғасады.

Құжат бойынша Құрылтайдың тұрақты комитеттері оң қорытынды берген. Экономикалық саясат, өнеркәсіп және энергетика комитеті заң жобасын бірінші оқылымда мақұлдауды ұсынды.

Депутаттардың пікірінше, заңнамалық өзгерістер жаңа энергетикалық технологияларды дамытуға, жеке инвестицияларды көбейтуге және Қазақстанның энергетикалық қауіпсіздігін нығайтуға ықпал етуі тиіс.