Құрылтай Төрағасы Айбек Дәдебай ғылыми зерттеулердің нәтижесі нақты экономикалық пайда мен халықтың өмір сапасын жақсартудан көрінуі керектігін айтты
Құрылтай отырысында ғылымды дамытуға бөлінетін қаражаттың тиімділігі және ғылыми зерттеулердің нәтижесін өндіріске енгізу мәселелері талқыланды. Депутаттар Жоғары аудиторлық палата төрағасының ғылым саласындағы мемлекеттік аудит қорытындылары туралы есебін тыңдап, Үкіметке бірқатар ұсыныс әзірледі, деп хабарлайды AstanaTV.
Жиында сөз сөйлеген Құрылтай Төрағасы Айбек Дәдебай ғылымның ел дамуындағы стратегиялық маңызына тоқталды. Оның айтуынша, жаңа Конституцияда білім, ғылым және инновацияның мемлекеттік басымдықтар ретінде бекітілуі бұл салалардың маңызын айқындай түсті.
«Қазіргі таңда ғылым қосалқы сала емес, елдің болашағына, экономикалық өсімі мен бәсекеге қабілеттілігіне тікелей ықпал ететін стратегиялық ресурс ретінде қарастырылады», – деді Айбек Дәдебай.
Оның мәліметінше, соңғы жылдары ғылымды қаржыландыру көлемі екі еседен астам артқан. Ғылыми зерттеулер мен әзірлемелермен айналысатын мамандар саны үштен бірге көбейіп, ғылыми қауымдастықтың жартысына жуығын жас ғалымдар құраған.
Алайда ғылыми жаңалықтарды өндіріске енгізу, оларды коммерцияландыру және нақты нәтиже алу мәселелері әлі де өзекті.
«Соңғы жылдары ғылымды қаржыландыру екі еседен астам артты. Ғылыми зерттеулер және әзірлемелермен шұғылданатын мамандар саны үштен бірге көбейді. Ғылыми қоғамдастықтың жартысына жуығын жас ғалымдар құрайды. Дегенмен, ғылымның практикалық қайтарымы, нәтижелілігі мен коммерциялануы мемлекет үшін өзекті күйінде қалып отыр», – деді Құрылтай Төрағасы.
Осыған байланысты депутаттар ғылыми жобаларды іріктеуден бастап, олардың нәтижесін өндіріске енгізуге дейінгі барлық кезеңді цифрландыруды ұсынды. Сондай-ақ ғылыми-техникалық тапсырмалар экономиканың, кәсіпорындар мен бизнестің нақты сұранысына сай әзірленуі қажет.
Депутаттар ғылыми ұйымдар мен бизнес арасындағы байланысты нығайтып, бірлескен жобалардың нәтижесіне қарай ынталандыру тетіктерін жетілдіруді де ұсынды.
Айбек Дәдебай ғылыми әзірлемелердің тиімділігін бағалау кезінде олардың қоғамға тигізген пайдасына басымдық берілуі керектігін атап өтті. Атап айтқанда, жаңа технологиялардың өндіріске енгізілуі, жұмыс орындарының ашылуы және отандық өнім экспортының артуы ескерілуі тиіс.
«Ғылыми әзірлемелердің азаматтарымыздың өмірін нақты қалай жақсартатыны басты өлшем болуға тиіс», – деді ол.
Құрылтай Төрағасы депутаттардың Үкіметпен және ғылыми қауымдастықпен бірлесіп, ғылым саласындағы заңнаманы, ғылыми-зерттеу және тәжірибелік-конструкторлық жұмыстарды қаржыландыру тетіктерін жетілдіруге дайын екенін жеткізді. Жиында әзірленген ұсыныстар Үкіметке жолданады.