Бастығы пышақтаған оралдық полицей ауруханаға түсті

Оралда полицейдің пышақталуына байланысты қылмыстық іс қозғалды. Өзіндік қауіпсіздік бөлімшесі тергеп-тексеру жұмыстарын бастап кеткен. Әлеуметтік желіде тараған ақпаратқа сүйенсек, Абай полиция басқармасы бастығының бірінші орынбасары қызметкерімен ішімдік ішіп отырып, жанжалдасып қалады. Бұдан кейін ол қарауындағы қызметкерін пышақтап тастапты. Алайда жәбірленуші өзінің абайсызда жарақат алғанын айтып ақталып отыр. Облыстық полиция департаменті екі қызметкерінің де жұмыста жоқ екенін мәлімдеді.

БАТЫС ҚАЗАҚСТАН ОБЛЫСЫНЫҢ ПОЛИЦИЯ ДЕПАРТАМЕНТІ:

Оқиғаға қатысы бар екі азамат ішкі істер органдарындағы жұмысынан бұған дейін босатылған. Ал олардың ішімдік ішіп, сөзге келгені шындыққа сәйкес емес. Жалған ақпарат таратқандарға қылмыстық жауапкершілік көзделгенін ескертеміз. Оқиғаға қатысты түпкілікті құқықтық шешім тергеу нәтижесі бойынша беріледі.