"Ғылым саласында 51 миллиард теңгеге жуық қаржылық заңбұзушылық анықталған" - депутат

  • AstanaTV
  • 11 қараша 2026

Ғылым саласында 51 миллиард теңгеге жуық қаржылық заңбұзушылық анықталды. Ал шамамен 47 миллиард теңге тиімсіз жұмсалған көрінеді. Қағаз жүзіндегі есеп пен өмірдегі көрініс неге сәйкес келмейді? Бүгін Құрылтай отырысында осы сұрақ төңірегінде біраз шындықтың беті ашылды. Депутаттар жауапты басшылардан қатаң есеп талап етті.

НАЗЕРКЕ АЛТЫНБЕК, ТІЛШІ:

Жыл сайын миллиардтаған қаржы бөлінеді, бірақ экономикаға пайдасы қандай? Ғылыми жобалардың нәтижесі іспен емес, тек формалды көрсеткіштермен және қағаз жүзіндегі актілермен ғана расталған. Ал ғылымның ішкі өнімдегі үлесі небәрі 0,16 пайызды құрайды.

ӘЛИХАН СМАЙЫЛОВ, ҚР ЖОҒАРЫ АУДИТОРЛЫҚ ПАЛАТАСЫНЫҢ ТӨРАҒАСЫ:

Олар нақты салалық проблемаларды әрдайым айқындай бермейді, қолданбалы нәтижені және оны пайдалану тетігін белгілемейді. Нәтижесінде ғылыми-техникалық тапсырмалардың едәуір бөлігі расталған салалық сұраныссыз қалыптастырылады. 2023-2025 жылдары 393 ғылыми-техникалық тапсырмадан сомасы 67 миллиард теңгені құрайтын 149 тапсырма іске асырылмады. Бұл ретте тапсырмалардың іске асырылмау себептеріне де талдау жасалмады.

Палата Төрағасы келтірген деректен кейін мінбердегі депутаттардың да сұрағы көбейді. Миллиондар қайда кетті деп жауаптылардан сұрады.

АЛЕКСАНДР ДАНИЛОВ, ҚР ҚҰРЫЛТАЙЫНЫҢ ДЕПУТАТЫ, "ӘДІЛЕТ" ФРАКЦИЯСЫНЫҢ МҮШЕСІ:

Аудит қорытындысы бойынша ғылым саласында 51 миллиард теңгеге жуық қаржылық заңбұзушылық анықталғанын көріп отырмыз. Алайда, есепте тексеріс кезінде небәрі 19 миллион теңгенің ғана қайтарылғаны, ал 38 миллиард теңгенің қалпына келтіріліп, 2,2 миллиард теңге болашақ бюджеттік міндеттемелерден қысқарғаны жазылған. Қаржыны қайтару, қаражатты қалпына келтіру және шығындарды қысқарту дегеніміз мүлде бөлек ұғымдар. Олай болса, қалпына келтірілді делінген соманың артында не тұр? Және анықталған заңбұзушылықтардың қанша бөлігі әлі де тікелей қаржылай қайтарылуды талап етеді? 

Алихан Смайлов ақшаның қайда кеткенін тәптіштеп түсіндірді. Айтуынша, 13 миллиард теңге шамасындай қаржы жер қойнауын пайдаланушылардың істемей қалған жұмыстары үшін төлеуге тиіс қарызы болып шықты. Ал жер қойнауын пайдаланушылардың ақшасы қалай жұмсалуда? Мемлекет бөлген қыруар қаржы ғылымды дамытуға емес, банкте жатып пайыз жинауға айналған көрінеді.

ТӨЛЕГЕН ОРАШЕВ, «САМҒАУ» ҒЫЛЫМИ-ТЕХНОЛОГИЯЛЫҚ БАСТАМАЛАР ОРТАЛЫҒЫ» ҚОРЫНЫҢ БАС ДИРЕКТОРЫ:

Мысалы үшін бір жоба 100 млн теңге тұратын болса, онда біз оған бірден 100 млн теңгесін бермейміз. Оның жиырма миллион теңгесін беріп, қалғанын кезең-кезеңімен нәтиженің расталғанына қарай береміз.

Дәл осы жауабынан кейін Орашев, Құрылтай төрағасынан қатаң сөгіс алды.
Дегенмен, жиында түйткілдер ашық айтылып қана қоймай, оны түбегейлі  шешу жолдары да ұсынылды. Ғылымды қаржыландырудың ескі сүрлеуінен бас тартып, ашық конкурс тетігіне көшуді және бизнесті бұл процеске тікелей байлау қажеттігін қадап айтты.

АЙБЕК ДӘДЕБАЙ, ҚР ҚҰРЫЛТАЙЫНЫҢ ТӨРАҒАСЫ, «ӘДІЛЕТ» ПАРТИЯСЫНЫҢ ТӨРАҒАСЫ:

Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев 28 қазандағы Қазақстан халқына жолдауында қазіргі заманның басты қуаты - білім мен ғылымда, озық технологияларда деп атап өтті. Бұл еліміздің қазіргі даму кезеңіндегі айрықша маңызға ие. Бүгін біз білім саласын қаржыландырудың тиімділігі мәселесін жан-жақты талқыладық. Ендігі кезекте үкіметтегі әріптестеріміз жоғары аудиторлық палатаның ұсынымдары мен депутаттар тарапынан айтылған ұсыныстардың сапалы орындалуын қамтамасыз етуі қажет. Депутаттар өз тарапынан, үкіметпен бірлесіп, білім саласындағы заңнаманы ғылыми зерттеу және тәжірибелік конструкторлық жұмыстарды қаржыландыру тетіктерін тереңдете пысықтауға дайындығын білдіреді. 

Ғылымға бөлінген ақша қағазда қалып қоймай, қарапайым халықтың өмірін жақсартуға жұмыс істеуі тиіс. Енді жауаптылар бұл олқылықтарды қатаң бақылауға алып, барлық жұмысты цифрлы жүйеге көшіруге міндетті.